Таза мекен
Өңірімізде тазалықты әдетке айналдырған «Таза бейсенбі» акциясы кең көлемде өтті. Таңсәріден қолдарына сыпыртқы мен қап алған 22 мыңнан астам адам қоршаған ортаны тазартуға шықты. Олардың қатарында белсенді жастар, кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері бар. Бұл жолы 282 гектар жер ретке келтірілді.
Тұрғындар тек аулаларды емес, қоғамдық орындар мен саябақтарды да қоқыстан тазартты. Жиналған тұрмыстық қалдықтар сұрыпталып, қайта өңдеуге жіберілді. Бұл күні облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев те белсенділермен бірге тазалық басында болды. Өңір әкімі туған өлкемізді көркейту тек науқандық емес, табиғатқа жанашырлық сезімінен туындайды игі амал болу керектігін айтты.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Бейсенбі сайын осы жұмыстың алдында сағат жетіден бастап бір сағаттық осындай акция ұйымдастырамыз. Бүгін осы Қонаев қаласының орталығына келіп, орталықта орналасқан үйлердің ауласын тазаладық. Бұны көрген тұрғындар ары қарай да өз аулаларын таза ұстап, біздің бастаманы қолдап отырады деп ойлаймыз»
Қазақстанда 1 шілдеден бастап күшіне енген абаттандырудың жаңа қағидаларына сәйкес, енді азаматтар мен заңды тұлғалар өздеріне тиесілі нысанға іргелес жатқан 5 метр аумақтың тазалығына да жауапты болады. Ал автокөліктерді көгалдарға, гүлзарларға, саябақтар мен балалар ойын алаңдарына қоюға тыйым салынды. Қоғамдық ортаны ластаған азаматтарға ескерту жасалып, әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Сондықтан жаңа қағидаларды ұстанған абзал.
ШОЛПАН ӘЗІМБАЕВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАCЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Бүгінгі тазалық акциясына атсалысып, өз үлесімді қосып жатырмын. Баршаңызды тек сенбіліктерге қатысып қана қоймай, күнделікті өмірде де қаламызды таза әрі көркем ұстауға шақырамын»
Жалпы, жыл басынан бері өңірімізде осындай 25 ірі эко-шара өтіп, оған жарты миллионға жуық тұрғын қатысқан. Бұған дейін жеті жарым мың гектардан астам жер тазартылып, 100 мыңнан астам жаңа көшет отырғызылды.