Қонаев пен Пхёнтхэк қалалары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Бүгін Қонаев қаласы мен Оңтүстік Кореяның Пхёнтхэк қаласы арасында достық және экономикалық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм және мәдениет бағыттарында әріптестікті дамытуға негіз болмақ. Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Пхёнтхэк қаласының әкімі Чан Чан Сон қатысты.

Қонаевқа арнайы келген корейлік делегацияға Алматы облысының индустриялық және туристік мүмкіндіктері көрсетілді. Бүгінде өңірде кореялық капиталдың қатысуымен бірнеше жоба жүзеге асуда. Былтыр Сеулде өткен халықаралық туристік көрмеде Алматы облысының стенді жоғары бағаланып, нәтижесінде биыл алғашқы туристер легі келген болатын.

Пхёнтхэк әкімі Чан Чан Сон өз сөзінде: «Біз Қонаев қаласымен ынтымақтастық орнатуға үлкен мән береміз. Бұл құжат достығымыздың ресми бастамасы. Алдағы уақытта бірлескен жобаларымыз тек экономикада ғана емес, туризм мен мәдениет саласында да нақты нәтижелер береді деп сенемін» деді.

Қонаев пен Пхёнтхэк арасындағы бұл келісім-Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық серіктестікті өңірлік деңгейде дамытудың нақты қадамы. Сонымен қатар, Алматы облысында тұратын 7 мыңнан астам этникалық кәрістер қос ел арасындағы тарихи байланысты нығайтып келеді. Жаңа меморандум мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттырып, жастар алмасуына және креативті жобаларды дамытуға жол ашпақ.