Алатау қаласына ерекше мәртебе беріледі — Тоқаев

Алатау қаласына ерекше мәртебе беріледі — Тоқаев
Фото: alataunews.kz

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Алатау қаласына Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебе беру туралы Жарлықтың жобасын 10 күн ішінде дайындау қажет екенін айтты, деп хабарлайды alataunews.kz.

Президенттің айтуынша, оның Қытайға жуырдағы сапары барысында әлемдік деңгейдегі компаниялармен миллиардтаған келісімдер жасалды. Атап айтқанда, олардың бірі жаһандық Shenzhen технополисін салуға қатысқан және Alatau City жобасын жүзеге асыруға тікелей атсалысады.

«Келесі қадам Alatau City үшін берік институционалдық негіз құру болуы тиіс. Қалаға Үкіметке тікелей бағынатын арнайы мәртебе беру туралы Жарлықтың жобасын 10 күн ішінде дайындау қажет», – деді Мемлекет басшысы.

Оның айтуынша, жарты жыл ішінде қала басқару тәртібі, қаржылық модельдері және басқа да маңызды аспектілері айқындалатын жеке заң қабылдау жоспарланып отыр.

«Арнайы құқықтық мәртебе – бұл артықшылық емес, керісінше қажет шара және онсыз ойға алынғанның бәрі қағаз жүзінде қалып қоюы мүмкін құрал. Alatau City аймақтағы алғашқы толыққанды цифрлық қалаға айналуы тиіс: Smart City технологияларын қолданудан бастап, тауарлар мен қызметтерге криптовалютамен төлем жасау мүмкіндігіне дейін. Жаңа қала Қазақстанның болашақ бейнесін айшықтап, технологиялық прогресс пен барынша жайлы өмір сүру ортасын үйлестіретін болады», – деді Президент.