Цифрландырудың жаңа кезеңі: Алматы облысында жергілікті жасанды интеллект сынақтан өтуде
Алматы облысында өңірлік Alatau Hub базасында жасанды интеллект жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында жасанды интеллектіні кеңінен қолдану қажеттігін атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында Алматы облысында қолда бар техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, Alatau Hub негізінде азаматтардың өтініштерін қабылдайтын 109 бірыңғай орталығы жұмысын бастады. Оның басты міндеті – тұрғындардан түскен өтініштерді тиісті органдарға жедел жеткізіп, қаралу барысын үйлестіру.
Бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы қызмет көрсетеді. Азаматтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, көлік және басқа да салаларға қатысты сауалдарын телефон арқылы, әлеуметтік желілер (Instagram: @109konaevkz) немесе өзге де арналар арқылы жолдай алады.
Жоба Алматы облысының Цифрлық технологиялар басқармасы мен Alatau Hub бірлесіп жүзеге асыруда. Хабтың резиденттері де цифрлық шешімдер әзірлеу мен экожүйені дамытуға қатысып отыр.
Қазіргі уақытта шартты түрде Qonaev AI деп аталған жасанды интеллект жүйесі сынақ режимінде іске қосылған. Әзірге ол облыстық Цифрлық технологиялар басқармасының деректері негізінде жұмыс істейді. Жоба кеңейген сайын өзге басқармалар мен аудандық, қалалық әкімдіктердің ақпараттық базаларын интеграциялау жоспарланған.
Барлық деректерді өңдеу және сақтау процесі Alatau Hub-тың жергілікті инфрақұрылымында жүргізіледі. Бұл жүйенің сенімділігін, бақылануын және жоғары деңгейдегі ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта серверлік қуат артып, қосымша дереккөздер енгізілмек.
Жобаның тағы бір бағыты – жасанды интеллект технологияларын нақты пайдалану. Бұл есептеулерді жеделдетуге, ресурстарды тиімді жұмсауға, бақылау сапасын арттыруға және инновациялық шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді. Бірыңғай деректер қорының құрылуы аймақтың даму тиімділігін жаңа деңгейге көтереді.