Кеген орман шаруашылығының жаңа әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді
Алматы облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына қарасты Кеген орман шаруашылығы мекемесінде жаңа әкімшілік ғимараттың құрылысы аяқталып, салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Салтанатты шараға Алматы облысының әкімі қатысып, ұжым қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, орман шаруашылығы қызметкерлеріне қолайлы жұмыс жағдайын қамтамасыз ету мақсатында жобаланған.
Сонымен қатар облыс әкімі Жалаңаш орманшылығына арнайы барып, аталған бөлімшенің орманда өрт сөндіру станциясы мен әкімшілік ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Жөндеу жұмыстары шеңберінде ғимараттардың сыртқы және ішкі инфрақұрылымы жаңартылып, өрт сөндіру станциясының материалдық-техникалық базасы күшейтілді.
Бұдан бөлек, облыс басшысы Жалаңаш орманшылығының тұрақты тұқымбағында да болды. Тұқымбақта орманды қалпына келтіруге арналған көшеттер өсіріліп, табиғи тепе-теңдікті сақтау мақсатында селекциялық жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыс орманды қалпына келтіру, экожүйені сақтау және жасыл желек көлемін арттыру бағытында маңызды рөл атқарады.
Аталған іс-шаралар өңірдегі орман қорын сақтау, өрт қауіпсіздігін күшейту және табиғатты ұтымды пайдалану мақсатындағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі болып табылады.