Берік байланыс
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапары аясында Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары және ғылыми институттардың басшыларымен кездесті. Тараптар білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, бірлескен зерттеулер жүргізу және жаңа технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Президент қос дипломды білім беру және академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейтуді ұсынды. Қазақстан-Бавария технологиялық форумында инновациялар мен жоғары технологиялар саласындағы серіктестік сөз болды. Бұған дейін Қазақстан мен Германия өнеркәсіп, энергетика, көлік және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жөнінде келісімге келген. Нәтижесінде құны 2 миллиард доллардан асатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.