Алматы облысында туризм жаңа белеске шықты: туристер саны 2,2 миллионға жетті
Алматы облысының туристік саласы соңғы жылдары қарқынды дамып, жаңа рекордтарды жаңартуда. 2025 жылы өңірге келген туристер саны 2,2 миллион адамға жетті. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға көп. Мұндай өсім облыстың туризмді стратегиялық бағыт ретінде жүйелі дамытуының нәтижесі екені айқын.
Өңірдегі ең танымал бағыт — Қапшағай жағажай аймағы. Биыл мұнда 1,8 миллионнан астам турист демалған. Заманауи инфрақұрылым, қауіпсіздік талаптарының күшеюі және қызмет сапасының артуы Қапшағайдың тартымдылығын одан әрі арттыра түсті.
Көлсай мен Қайыңды бағытында туристік ағым рекорд жаңартты
Ауданның ең көрікті нүктелерінің бірі — Көлсай мен Қайыңды бағыттары. 2025 жылы бұл аймаққа келген туристер саны 600 мың адамға жетті. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 1,6 есе көп көрсеткіш.
Өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, мұндай серпін тікелей инфрақұрылымның жаңартылуымен байланысты:
«Көлсай–Қайыңды бағытындағы жолдар толық модернизациядан өтті. Туристерге ыңғайлы аялдамалар, ақпараттық көрсеткіштер, қауіпсіздік жүйелері жаңартылды. Инфрақұрылым жақсарған сайын турист саны да артады», — деді өңір басшысы.
Жаңа нысандар — туризмді дамытудың басты драйвері
Жыл ішінде ASP Arena көпфункционалды кешені іске қосылып, мәдени және спорттық іс-шаралар өткізетін жаңа орталыққа айналды. Сонымен қатар Қапшағай жағалауы заманауи стандартқа сай абаттандырылып, отбасылық демалысқа қолайлы жағдайлар жасалды.
Әлемдік деңгейдегі рекорд орнатылды
2025 жылы Алматы облысы Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енді. «Дәулет-Бекет» шаруашлығы ұйымдастырған әлемдегі ең үлкен түйе керуені халықаралық рекорд ретінде тіркелді. Бұл оқиға өңірдің танымалдылығын арттырып, Қазақстан туризмінің брендтік имиджін күшейтті.