Алматы облысында ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізілуде

Алматы облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. 2025 жылдың басынан бері 39,8 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Оның ішінде 5,5 мың гектары сот шешімімен, ал қалған 34,3 мың гектары жер пайдаланушылардың ерікті түрде қайтаруы арқылы алынды.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде. Оның мақсаты — жер ресурстарын ұтымды пайдалану және бос жатқан жерлердің алдын алу. Ағымдағы жылдың соңына дейін жалпы көлемі 90 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне қайтарылады деп жоспарлануда. Бұл жерлер бұған дейін заңбұзушылықтармен берілген немесе мақсатына сай пайдаланылмаған.
«Әрбір пайдаланылған гектар — бұл азық-түлік қауіпсіздігі мен фермерлікті дамытуға арналған әлеует. Біздің мақсат — біреуді жазалау немесе жерін тартып алу емес, ең алдымен жерді айналымға қайтару. Жерді ерікті түрде мемлекетке өткізгендерге қандай да бір әкімшілік шара қолданылмайды», — деді Алматы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Аманжол Әбдрахманов.
Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану барысына ғарыштық мониторинг арқылы бақылау жүргізілуде. Сонымен қатар, өңірлерде мобильді топтар жұмыс істеп жатыр. Ерекше назар — жер учаскелерін ұзақ жылдар бойы пайдаланбаған ірі жер иелеріне (латифундистерге) аударылуда.
Ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жұмыстары облыстың барлық аудандарында жалғасуда. Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер адал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қайта берілетін болады. Бұл ретте шағын және орта агробизнеске басымдық беріледі.