Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері арасында XVII жазғы спартакиада басталды

Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері арасында XVII жазғы спартакиада басталды

Карасай ауданында аймақтың ең мықты командалары бас қосты

Қарасай ауданындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде Алматы облысы мемлекеттік қызметкерлері арасындағы дәстүрлі XVII жазғы спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Биылғы додаға 22 команда, шамамен 700-ге жуық қатысушы қатысуда.

Алматы облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Нұрсұлтан Сейдалиев:

— Мемлекеттік қызметкер – елдің айнасы. Ол тек өз ісінің кәсіби маманы ғана емес, салауатты өмір салтын ұстанатын тұлға болуы тиіс. Спартакиада табандылық пен жігерді, командалық рухты қалыптастырады. Жеңімпаздар маусым айының 10-18 аралығында Өскемен қаласында өтетін республикалық спартакиадада облыс намысын қорғайды, — деді.

Жарыстар «Үшқоңыр» және «Нұр-Аман» спорт кешендерінде тоғыз спорт түрінен өтуде: тоғызқұмалақ, қазақ күресі (5 салмақ дәрежесі), арқан тарту, жүзу, мини-футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі, 3х3 баскетбол. Қатысушылар қатарында бұрын кәсіби спортпен айналысқан азаматтар да бар.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек:

— Бұл жарыс тек спорт додасы ғана емес, ұжымның ұйымшылдығын, салауатты өмір салтын насихаттаудың нақты көрінісі, — деп атап өтті.

Айта кетейік, қатысушылар арасында — самбо және қазақ күресінен спорт шебері, 56 жастағы Нарынқол ауылдық округінің әкімі Амангелді Шенебеков те бар. Ол 75 кг салмақ дәрежесінде бақ сынауда.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, диплом және ақшалай сыйлықтармен марапатталады:

🥇 1 орын — 500 000 ₸

🥈 2 орын — 300 000 ₸

🥉 3 орын — 200 000 ₸