Жырдан жаралған жүрек
Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде қазақ поэзиясының Хан Тәңірі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай тағылымы мол поэтикалық кеш ұйымдастырылды. Рухани іс-шарада ақынның өлеңдері оқылып, көрермен назарына театрландырылған көрініс ұсынылды.
Іс-шарада Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық жолы кеңінен насихатталып, ақынның өлеңдері оқылды. Сонымен қатар сахналық қойылымдар көрсетіліп, Мұқағали бейнесі әсерлі сомдалды. Аудан өнерпаздары ақын шығармаларын тебірене оқып, көрерменді тәнті етті. Поэтикалық кеште аудан басшылары мен зиялы қауым Мұқағали Мақатаев шығармалары – ұлт рухының асыл қазынасы екенін атап өтті.
ЕРКЕБҰЛАН НҰРЖАҚЫП
ҚАРАДАЛА ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
«Мұқағали атамыздың рөлін сомдау арқылы мен өзіме ол кісінің, жаңағы күнделігімен танысып, поэзияларымен танысып, өзіме рухани көптеген мағлұматтар жинадым десем де болады. Енді осы қойылым арқылы біз қаншама халыққа қойып жатырмыз, сол халықтың ішіндегі бір он адам болсын, осы Мұқағали атамызды сезіп, біліп, түйсігімен, сана сезімімен түсініп кетсе біз үшін үлкен қуаныш деп ойлаймын»
Ақынның ғажап туындылары сахналанып, көрерменге жаңаша форматта ұсынылды.Мұқағали рөлін сомдаған өнер иелері ақынның рухын, поэзиясының тереңдігін халыққа әсерлі жеткізді.
САЛТАНАТ ЕШМҰХАМБЕТОВА
АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Ақын өлеңдерін сахнада орындай отырып, оны ән желісіне ұластырдық. Бұл әринекөрермендерің ішкі жан дүниесін тебірентетін бір ерекше форматта болды. Әсіресе Мұқағали рөлін сомдаған “Қарадала” халық театрының көркемдік жетекшісі Нұржақып Еркебұлан Мұқағали ретінде образ арқылы Мұқағалидің өлеңі мәңгілігін, оның рухтылығын халыққа жеткізе білді. Кештің сценариясын жазып көркемдеген аудандық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Алипова Лаура. Осындай шығармашылық жұмыстың арқасында, бүгін біз аудан халқына ерекше форматта Мұқағали жырымен, әнімен сусындата білдік деп ойлаймыз, Мұқағали жыры мәңгілік"
Тағылымы мол кеш көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, аудан жұртшылығы үшін үлкен рухани мерекеге айналды. Мұқағали жыры мен әні жаңғырып, қазақ әдебиеті мен өнеріне деген құрмет айқын көрініс тапты.Ұйғыр ауданында ұлт руханиятын дәріптеуге бағытталған осындай мәдени шаралар алдағы уақытта да жалғасады.