Батамен ел көгерер
Қонаев қаласында ұлттық тәрбие мен ата-баба аманатын арқалаған айтулы мәдени шара өтті. «Ауыл» партиясының бастамасымен қолға алынған «Батамен ел көгерер» республикалық байқауының Алматы облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.
Сан ғасырлық рухани мұраны жаңғыртуды көздеген додаға өңірдің бес ауданы мен облыс орталығынан барлығы 17 үміткер жиналды. Қатысушылардың қатарында елдің сыйлы ақсақалдарымен бірге, ұлттық құндылықты ұлықтап, ақ тілегін арнаған ақжаулықты аналар да бар.
ҚАНАТ БЕКИЕВ
«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Алматы облысынан 17 үміткер, 22 видеоролик жіберіп, соның ішінде өзіміздің филиалдың жанында құрылған 9 адамнан тұратын комиссиямыз бар, сол комиссияның шешімі бойынша 5 орын анықталып, бірінші орын 100.000, екінші орын 70.000, үшінші орын 50.000 тг сертификаттар беріліп, осы біздің үш батагөйлеріміз республикада өтетін, республикалық конкурсқа қатысатын азаматтарымыз.
Үш жылдан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан байқауда Алматы облысының батагөйлері республикалық деңгейде де оқ бойы озық тұр. Мәселен, өткен жылы өңір намысын қорғаған қатысушылар бас жүлде мен арнайы жолдамаларды иеленген болса, биылғы доданың да деңгейі жоғары. Қазылар алқасы қатысушылардың сөз саптауына, батаның мазмұны мен тәрбиелік мәніне баса назар аударды.
ІЗТІЛЕУ ТОЙШЫБАЕВ
ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
«Батаның мағынасына өте көңіл бөлдік. Одан кейін киім киісіне, ол өзі біздің положениеде айтылған осындай-осындай деп. Соны қарадық. Одан кейін жаңағы бата берген уақыттағы оның тұрысы қандай болды, отырысы қалай болды. Оған да мән бердік. Мен өзім ойлайм, өте әділетті, таза болды деп. 17 адамның ішінен түгел бірнеше жүлдені таңдағаннан кейін өте таза болды»
Дода қорытындысы бойынша, үшінші орын Райымбек ауданынан келген Әлғожа Көпірәліге бұйырса, екінші орынды Қонаевтық Берік Байлов иеленді. Ал қазылар алқасының бірауыздан шығарған шешімімен, Талғар ауданының тұрғыны Жанар Құрманғалиева жеңімпаз деп танылды. Бірінші орын иегеріне 100 мың теңгелік ақшалай сыйлық пен республикалық кезеңге жолдама табысталды.
ЖАНАР ҚҰРМАНҒАЛИЕВА
ЖЕҢІМПАЗ
Бір апта көлемінде дайындалып, сол берілген тақырыптар бойынша бата жазуды ұйғарып, жасап видеоны жібердім. Бата деген жалпы өзі рухани дұға ғой негізінде, бала-шағаға, әке-шешеңе тілек тілегенде де айтылатын афирмация деген дүние секілді бұл үлкен рухани дұға. Өте қуаныштымын, мен бұл батаны жаңағы сілтеме арқылы жіберіп, ол туралы мүлдем ұмытып кеткем. Естіген кезде өте қатты қуандым.
Ұлттық кодты ұлықтаған бұл жоба-жас ұрпаққа үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің жарқын үлгісі. Облыстық кезеңде топ жарған үздіктер енді республикалық деңгейде Алматы облысының абыройын асқақтатпақ. Ең бастысы ата-бабадан қалған осынау ізгі дәстүр ұмытылмай, кейінгі толқынға сабақ болса игі.