Райымбек ауданында ұлттық спорттан ауқымды жарыстар өтті
Райымбек ауданында ауқымды спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Мереке ауыл тұрғындарының басын қосып, қазақтың төл ойындарын кеңінен насихаттады. Спорт кешенінде асық ату мен тоғызқұмалақтан жарыс өтті.
Райымбек ауданы, Жамбыл ауылында Ұлттық спорт күніне орай өткен мерекелік шара көпшіліктің қызығушылығын тудырды .Ауыл төрінде ұйымдастырылған додада қазақтың ұлттық спорт түрлері кеңінен қамтылып, көрерменге ерекше рух сыйлады. Атап айтқанда, бәйге, тазы жарыс, садақ пен асық ату, арба сүйреу, бөрене мен тас көтеру, найза лақтырып, шырға тарту сайыстарына ауыл халқы белсене қатысты.
ЕРСІН ҚОЖАМҚҰЛҰЛЫ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
"Ауданымызда ұмытылып жатқан ұлттық спорт кеңінен таралып жатыр.Соның бірі міне тазы жүгірту, тазыны аңға салу, атадан балаға мирас болып келе жатқан өнер, дәстүр. осы өнерді ұмытпай атадан балаға жеткізейік. тазы 7 қазынаның бірі, кезінде атамыз тазыдаға үйінен бір орын беріп, силап, қастерлеп, жанұясының бір мүшесіндей қараған. ұлттық спортымызды дәріптей берейіе, ұмытылмасын."
Ұлттық спорт мерекесі тек Жамбыл ауылымен шектелген жоқ. Осы күні аудандық спорт кешенінде аудандық бұқаралық спортты дамыту орталығының ұйымдастыруымен асық ату және тоғызқұмалақ ойындарынан аудандық жарыс өтті. Сайысқа әр ауылдық округтен келген қатысушылар бақ сынап, мерекелік күннің мазмұнын арттыра түсті. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы сыйлықтар және алғыс хаттармен марапатталды.
АЗАТ ЕСБОЛАТҰЛЫ
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ, СПОРТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Біздің ауданымызда ұлтты спортты дәріптеу мақсатында әр апта сайын ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар ауданымызда ескіріп кеткен ұмытылып бара жатқан спорт түрлерін дәріптеу мақсатында бүгінгі күнде Жамбыл ауылдық округі мен Нарынқол ауылдық округінде іс-шара жоспарына енгізіліп, Наурызнаманың онкүндігіне орай жарыстар ұйымдастырылды.
Ұлттық ойындар мен дәстүрлі спорт түрлерін дәріптеген бұл бастамалар халықтың бірлігін нығайтып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие берудің жарқын үлгісіне айналды.