Халықаралық театр күні
Бүгін халықаралық театр күні. Әр халықтың тарихы, мәдениеті саф алтындай сақталатын киелі сахнадағы ұлық өнер майталмандарының төл мейрамы. Тарих айнасына айналған театр өнерінің ұлықталатын күні.
27 наурыз Халықаралық театр күні. Бұл — тек киелі сахна төрінде жүрген жандардың ғана емес, барша руханият жанашырларының ортақ мерекесі. Көрнекті жазушы Ғабит Мүсіреповтің өзі «Театр — хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» деп баға берген. Өсы өнер тұнығын лайламай, көптің көңілінен шығып жүрген театр ұжымдары біздің елде де аз емес.
Еліміздегі тұңғыш кәсіби театрдың шымылдығы 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылорда төрінде Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасымен түрілген. Биыл әкем театрға 1 ғасыр болды. Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 90 жылдан астам тарихы бар. Сонымен бірге Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар және жасөспірімдер театрының ашылғанына биыл 80 жыл. Жалпы қазір елімізде үлкенді кішілі 70-тен астам театр жұмыс істейді.
Театр көрерменге рухани ләззат сыйлап, өмірдің ащы-тұщысын бір сәтте көз алдына алып келетін ұлы өнер. Қазақстанның мәдени өмірінде театрдың орны ерекше. Ұлттың болмысын, оның ішкі әлемін, мәдени ерекшеліктерін терең түсінуге мүмкіндік беретін сахнада талантты жандар мен батыл әртістер өнер көрсетіп келеді. Дәл осы тарих айнасына өз ғұмырын арнаған жандардың бірі Қадырғазы Қуандықов. Өнер иесінің сахнада жүргеніне жарты ғасырға жуық уақыт болған.
ҚАДЫРҒАЗЫ ҚУАНДЫҚОВ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Бұл жұмыс өте қиынның қиыны. Инемен құдық қазғандай. Бір спектакль дайындау үшін айлап, жылдап, дайындалатын қиын кезеңдер болады. Актерлер бұл қасиетті атау. Театрдағы актерлерді мен актер деп бағалаймын. Ол атауға үлкен құрметпен, қадірлеп қастерлеп қарау керек.»
Балалар және жасөспірімдер театры мерекені ерекше атап өтуде. Мұнда жаңа қойылымдардың көркемдік деңгейін саралауға бағытталған дәстүрлі «Алтын сақа» театр ішілік фестивальі ұйымдастырылды. 7-ші мәрте өтіп отырған байқауда үздік 7 қойылым өзара бақ сынады. Жас әртістермен қатар сахна төрінен тәжірибелі өнер саңлақтары да бой көрсетті.
ЖОМАРТ ЗЕЙНӘБІЛ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Сан қырлы рөлдерді ойнайсың. Бір күні би болуың мүмкін бір күні бұзақы бандит болуың мүмкін, батыр, қорқақ, сатқын болуың мүмкін. Әртүрлі рөлдерді ойнайсың. Ол енді режиссердің талғамына байланысты, бойындағы талантыңа байланысты рөлдер бөлініп беріледі. Соны шығаруың керек.»
Театрда да көзге көрінбей қалатын біраз жанның еңбегі бар. Мәселен әр қойылымда кейіпкерді бастан аяқ киіндіретін тігіншілер, әрлеушілер, жарық қоюшылар да көрермен қошеметінен қағылып жатады. Көп жағдайда сахна сыртында қалып кететін тағы бір маңызды жұмыс режиссерлерге жүктелген. Әйтседе Қойылымның сәтті де тәтті шығуын қадағалайтын Шағуан Үмбетқалиев өз жұмысын бақыт деп санайды.
ШАҒУАН ҮМБЕТҚАЛИЕВ
АКТЕР, РЕЖИССЕР
«Театр көрерменмен тығыз байланыста болу үшін спектакльге дейінгі жұмыстарды көрермендерге көрсетеміз. Көрермендер біздің жұмыстармен таныс болады. Тек актерлер емес. Біз жарық қоюшылардың жұмысын көрсетеміз, тігіншілердің жұмыстарын көрсетеміз. Біз сахна құрастыратын жігіттердің жұмыстарын көрсетеміз. Жалпы сахна сыртында қанша ұжым еңбектеніп жүр барлығының жұмыстарын көрсететін боламыз.»
Биыл Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда мәдениет саласын дамыту мәселесі кеңінен талқыланды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматы облысында Қазақ драма театрының құрылысы басталмақ. Бұл қадам өңірдегі театр өнерін жаңа деңгейге көтермек.