Секен Тұрысбектің Қонаев қаласында «Көктемім - менің көктемім» атты шығармашылық кеші өтті
Күй - тәңірдің күбірі. Осы киелі өнерді серік еткен Қазақстанның Халық әртісі, белгілі күйші-композитор Секен Тұрысбектің Қонаев қаласында «Көктемім - менің көктемім» атты шығармашылық кеші өтті. Рухани кеште автордың төл туындылары орындалып, көрермен ерекше сезімге бөленді.
Сахна шымылдығы «Ақжауын» мемлекеттік камералық оркестрінің орындауындағы әсем әуенмен түрілді. Секен Тұрысбектің шығармашылығына арналған бұл кеш тек концерт емес, нағыз өнер мерекесіне айналды. Филармония әншілері мен музыканттар композитордың кеңінен танымал туындыларын жаңаша нақышта орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді.
СЕКЕН ТҰРЫСБЕК
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
«Әр уақытта айтушы едім, «күйді мың адам тыңдайды, бір адам ұғады»-деп. Бұл сазды айыратын, көкірек көз, құлақтың саңлауы, сондықтан енді қазақ өнеріндегі ең күрделісі, толғаулысы бұл күй өнері деп М.Әуезов та тегіннен тегін айтпаса керек. Қонаевтың еліне келіп, өзгеше бір тазаланғандай, тыңдармандардың кереметтігі ме бір өзгеше бір әсерде, сезімге бөленіп наурыз айындағы, әрине, қаланың әкімі Асхатжан Ермекұлына рахметімді айтқым келеді осы әдейілеп шақырып. Ел аман, жұрт тыныш болсын»
Күй - қазақтың қос ішегіне сыйған тарихы мен тағдыры. Ал Секен Тұрысбектің саусағынан тамған әрбір нота -адам жанын тазартатын мөлдір бұлақ іспетті. Оның туындыларында даланың дүбірі, таудың асқақтығы мен көктемнің шуағы бар. Күйдің құдіреті сол - ол сөз жетпейтін тереңдікті сезіндіріп, тыңдарманды қиял әлеміне жетелейді. Сахнада қалықтаған қоңыр дыбыстар ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
БАҚТЫЛЫ ОСПАНОВА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Өзім осы С.Тұрысбекті өте қатты сүйіп тыңдаймын. Өте мықты күйшілердің бірі деп айта аламын. Бұл кісіге жететін ешқандай күйші жоқ деп айтамын. Өзім өте қатты күйлерін тыңдап жүремін, алдында да Қонаев қаласына келді ғой күзде былтыр. Сол кезде де арнайы келгенмін, мына концертіне де арнайы билет алып келіп отырмын»
Кеш соңында Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов сахна төрне көтеріліп, өнер иесіне аймақ жұртшылығының атынан алғыс білдірді. Қала басшысы ұлттық мұраны ұлықтап жүрген композитор еңбегін ерекше атап өтіп, дәстүр бойынша иығына зерлі шапан жапты. Осылайша, күймен көмкерілген кеш көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.