Іле ауданында Тұңғышбай Жаманқұловтың шығармашылық кеші өтті
Театр тарланы, сахна саңлағы, алып тұлға. Іле ауданында Қазақстанның халық әртісі, ҚР мәдениет және өнер қайраткері Тұңғышбай Жаманқұловтың шығармашылық кеші өтті. Өнер адамының сахнадағы сан қырлы болмысы мен өмір жолы көрсетілген қойылымдар көрерменге рухани ерекше әсер сыйлады.
Жігітке жеті өнер де аз. Тұңғышбай Жаманқұлов Мұқтар Әуезов атындағы академиялық театр сахнасында ойнаған әйігілі рөлдерімен қоса «Ай мен Айша», «Томирис» сияқты спектакльдердің режиссері болған. Әрі кино өнерінде «Сардар», «Абай» сияқты сансыз фильмдерге түскен сан қырлы өнер иесі. Ал әншілік те айтулы өнерпаздың тағы бір қыры. Жасы 80 ге таяса да сахнадан алыстамаған театр тарланы «Өнер адамының» басты парызы - көрерменді ойландырып, қуанту деп біледі.
ТҰҢҒЫШБАЙ ЖАМАНҚҰЛОВ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
«Өнер халықтан ажырса жетім болады. Елдің арасында жүріп олардың көңіл күйін байқап елден ажырамауымыз керек деп ойлаймын. Бұл кездесу кеш, өнер жайында өмір жайында әңгімелесу содан кейін арасын әнмен әрлеп, жиналған халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап толғандырып қайтарсам деймін»
Ұзақ жылдар бойы шығармашылығын экран мен театр сахнасынан тамашалап келген актерді Іле жұрты құшақ жайып қарсы алды. Айтқан әрбір тағылымды әңгімесін бас изеп құптап, орындаған әндерін қосыла шырқады.
АЛМАГҮЛ АЙДАРОВА
КӨРЕРМЕН
«Шын көңіліммен беріліп қарап отырмын. Әлі де керемет. Өзім әртіс емеспін бірақ осы кісілерді жақсы көремін. Сондай ризамын. Жүз жасасын.»
САМАТ ТӨПЕЕВ
КӨРЕРМЕН
«Тұңғышбай атмызды бұрын теледидардан сахынандан көруші едік, бүгін жанынан көріп қуанып отырмыз. Дауысы қандай керемет. Өзім бала шағаммен 80 жастағы анамды алып келгемін. Бәрі көңілді керемет көңіл күй сыйлап отыр»
«Өнер адамы» атты кештің өтуіне аудан әкімдігі мұрындық болған. Зал толы көрермен рухани іс-шараны тегін тамашалап, көтеріңікі көңіл күймен тарасты.