Қонаевта жағажай спорт түрлеріне арналған спорт алаңы жаңартылды
Қонаев қаласында тұрғындардың белсенді демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған әлеуметтік нысан жаңартылып, қайта пайдалануға берілді.
Аталған спорттық аймақ 2017 жылы салынған болатын. Алайда содан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Биыл қала тұрғындарының тілектері ескеріліп, нысан заманауи талаптарға сай жаңартылды.
Алаң аумағы — 2,1 гектар. Мұнда жағажай волейболы мен футболына арналған алаңдар, шахмат пен тоғызқұмалақ үстелдері, балалар ойын алаңы мен воркаут аймағы орналасқан.
Нысанның ұлттық нақышта безендірілуі де ерекше көңіл аударарлық. Тротуар қазақи оюлармен көмкерілген плиткалармен төселген, кіреберіс аумаққа дәстүрлі алтыбақан орнатылған. Спорт аймағының ортасында «құйылған сүт» бейнесіндегі гүл композициясы қойылып, аумақ түгел көгалдандырылған. Жөндеу жұмыстарын «Қонаев Көркейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқарды.
– Басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың белсенді демалысына қолайлы жағдай жасау. Спорт аймағының қасынан кроссфит алаңы да жабдықталған. Қазіргі таңда бұл жер қала тұрғындары үшін таңертең және кешкі уақытта жиі баратын сүйікті орынға айналды. Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады, – деді Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмұрзаев.
Қала тұрғыны Айдос Ескелдинов салауатты өмір салтын ұстанады. Оның айтуынша, соңғы үш жылда қала айтарлықтай өзгеріп, тұрғындар мен қонақтарға арналған жаңа демалыс орындары көбейе түскен.
– Кешке достарымызбен келіп, футбол ойнаймыз. Алаң сапалы салынған, бізге өте ұнады. Спорт – денсаулық кепілі, сондықтан мұндай нысандардың бой көтеруі қуантады, – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қонаевта жаңа саябақтың салынатыны хабарланған болатын.