Жамбыл әлемі
Биыл өлең сөздің дүлдүлі, айтыс өнерінің көрнекті өкілі Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Мерейтой аясында Жамбыл ауылында республикалық жас жыршылар байқауы өтті. Ақынның өнегелі өмірі мен бай мұрасы кеңінен насихатталған игі шара жайлы тілшіміз толығырақ.
Мектеп оқушылары жыршы атындағы әдеби-мемориалды музейде бас қосты. Республиканың түкпір-түкпірінен келген өрендер халықтың мұраты мен мұңын, елдік пен ерлігін жеткізген ақынның жалынды жырларын жатқа оқыды.
«Жыры жастарға жалын беріп, жауынгерлік әнұранға айналған рухты ақын Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Әсіресе цифрлы заманда ақын шығармашылығы жастар арасында кең насихатталуы керек» дейді қағам белсенділері.
АЛМАСБЕК МӘУЛЕНОВ
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ЖАМБЫЛ ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ҒЫЛЫМИ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Қазіргі технология заманында адамның рухани ішкі жан дүниесіне әсер ететін осындай байқаулар деп ойлаймын.»
Ақынның айтыс өнеріндегі шеберлігі, жыраулық дәстүрдегі ерекше қолтаңбасы дәріптелген байқау төрт кезең бойынша өтті. Бірінші бөлімде өздерін таныстырған оқушылар, тау тұлғаның өлеңдерін жатқа оқып, арнау айтты. Қазақ әдебиетінің алтын қорына енген әдеби шығармалар бойынша тест тапсырды.
«50 ден астам өлеңін білемін. Маған өлеңдердегі рух, батылдық, табиғаттағы ұйқастар қатты ұнайды.»
«Маған Жамбыл Жабаевтың өлеңдері тілге жеңіл, ұйқасы жеңіл болғандықтан. Оқыған кезде рух жігер беретін өлеңдерінен оқыған кезде өзіме де жеке сабақтар алдым.»
«Маған Жамбыл атамыздың өлең жазу стильі ұнайды. Ленинградтық өренім өлеңінде жауынгерлерге рух беріп, соғысқа қару ұстамаса да қалам ұстап қатысқан мықты бабамыз.»
Өскелең ұрпақ ғасыр жыршысының басына тағзым етіп, арнайы көрмені тамашалады. Жамбыл мұрасының мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте айқындаған мазмұнды кеште үздіктер анықталып, жеңімпаздар марапатталды.