Мұхтар Шаханов өмірден озды
Көрнекті ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қазақ әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар тұлғаның отбасы мен жақын туыстарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатын жолдады. Президент ақынның өнегелі өмірі мен бай әдеби мұрасы халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.
«Ақындығын азаматтығы, азаматтығын ақындығы көтерген, елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтаған, дауласуға бар, бірақ жауласуға жоқ, осындай ұлдары бар, осындай ақындары бар халықта не арман бар?!» деп Дінмұхамед Қонаев Шахановтың ақындығы мен өршіл күрескерлік рухын жоғары бағалаған. Бүгін бүтін қазақ елі осындай нар тұлғалы, ұлы перзентінен айрылды. Әдебиеті мен өнері қара жамылды.
Мұхтар Шаханов 1942 жылдың 2 шілдесінде қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ғұмырын шығармашылық пен ұлт руханиятына арнаған тұлға Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшісі сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Ұзақ жылдар бойы «Жалын» журналын басқарды. Шоқтығы биік шығармалар жазып, поэзияны азаматтық ұстаныммен ұштастыра алды. Осы бір батылдығымен дараланған қайраткер қоғамдағы күрделі мәселелерге де үн қосып, ел мен жер тағдырын тартынбай қозғады.
ҒАЛЫМ ҚАЛИБЕКҰЛЫ
ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жыраулық дәстүр мен қазақ поэзиясын биікке көтерді. Мұхтар ағамыздың өлеңдерін өзіміз де жаттап өстік. Ол кісі қайраткер тұлға ретінде қазақ тілін қорғау үшін шырылдап отқа түсті. Ол кісі желтоқсанның қасіретін ашып берді, ақиқатын ашып берді.»
Ақынның қаламынан туған «Желтоқсан эпопеясы», «Танакөз», «Ғасырларды безбендеу» секілді туындылары қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. «Ақ бантик», «Арыс жағасында», «Кешікпей келем деп ең», «Өмір-өзен» сынды мәтінін жазған лирикалық әндерін қаншама буын тамсана шырқаумен келеді.
БЕЙБІТ САРЫБАЙ
ЖАЗУШЫ
«Қазақ атты халық барда Мұхтар Шахановтың шығармалары халқымен бірге жасай береді. Шын мәнінде Танакөзді білмейтін адам кемде-кем. Танакөз сол уақытта жазылды. Бір уақытта халыққа қаты әсер етіп, халықтың махаббатына бөленіп, кейіннен ұрпақ ауысқанда құны төмендеп кететін шығармалар аз емес. Бірақ Танакөздің ерекшелігі сонда, қасиеті сонда сол бір биігінен әлі төмендеген жоқ.»
Шахановтың шығармалары әлемнің 50-ден астам тіліне аударылып, ұлттың үніне айналды. Ақынмен қоштасу рәсімі 21 сәуір күні таңғы сағат 9-00 де Абай атындағы опера және балет театрында өтеді.