Халық ақын ұлымен қоштасы: Алматыда Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

Алматы жұрты халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды. Қоштасу рәсімі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтті. Ақынның рухына тағзым етуге мемлекет қайраткерлері, жазушылар, өнер және мәдениет саласының өкілдері мен қалың оқырманы жиналып, аза тұтты.  


Алаш жұртының ардақтысын, ұлт рухының жыршысын ақтық сапарға шығарып салғандардың қарасы қалың болды. Ақынмен қоштасуда  сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мемлекет басшысының көңіл айту жеделхатын оқыды. Жиынға Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қатысты. Сондай-ақ қырғыз ағайындар  Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың көңіл айту сөзін жеткізді. «Шахановтың болмысы – адалдық пен ақиқат. Ол адамзатқа ортақ тұлға» дейді қаламгерлер.   

МЕРЕКЕ ҚҰЛКЕНОВ
ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ 
«Қазақ руханиятында Мұхтар Шахановтың сіңірген еңбегі өте зор. Ол тек поэзияға емес біздің бүкіл руханиятымызға ізін қалдырған бірден бір ақынымыз. Қазақ Мұхтар Шахановты бүкіл әлем білетін ақын ретінде мақтан тұтады. Біздің жүрегімізде мәңгі сақталады.»

Мұхтар Шаханов – ұлттық рухты көтерген, сөз өнері арқылы қоғамға әсер еткен көрнекті тұлға. Қарымды қаламгер қазақ поэзиясын  әлемге танытты. Тіл үшін тартысты, шындық пен әділдіктің шырақшысына айналды.

ҰЛЫҚБЕК ЕСДӘУЛЕТ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ, АҚЫН
«Алдаспан жырлары әлемнің көгінде, жұрттың жүрегінде жарқылдай береді. Ұрпақтар көкейінде Мұхтар Шахановтың есімі, жарқын бейнесі мәңгі сақталады. Оның өнері өлеңдерінде. Өмірі әндерінде жалғасады.»

ҚАЛДЫБЕК ҚҰРМАНӘЛІ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ
«Ұлттық мүдде мен мемлекеттік мүддеге көзі жұмылғанша қызмет еткен ұлттың ұлы тұлғасынан айрылдық. Оның шығармашылығын әлем мойындады. Әлемнің қаншама елінде кітаптары шықты. Мұхаң бармаған мемлекет қалмаған. Былайша айтқанда Алланың бойына берген қуаты мен талантын барынша халқына жеткізді.»

Ақын ең алдымен тіл, тарих және дәстүр мәселелерін көтеріп, халықтың өз тамырынан ажырамауына шақырды. Мұхтар Шахановтың  жалынды жырлары  мәңгі жасай беретіні ақиқат. Халық жазушысының сүйегі Түркістан облысы,  Отырар ауданына жерленеді.

Сондай-ақ оқыңыз: