Ұлттық кітап күні
Қонаевта Ұлттық кітап күніне орай “Кітап FEST – ұлттық құндылық” атты облыстық мерекелік жиын өтті. Іс-шарада кітапханашылар бас қосып, әр аудан әдеби мұрасын таныстырып, ақын-жазушыларын насихаттайтын заманауи көрме ұсынды.
Игі бастама екінші жыл қатарынан жалғасын тауып келеді. Әдеби мереке рухани құндылықтарды дәріптеп, барша кітапсүйер қауым мен сала мамандарын бір арнаға тоғыстырды. Мерекелік шара аясында ардагер кітапханашылар мен үздік кітапханашылар марапатталды.
ҒАЛИЯ ТОҚАБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Өткен жылмен ерекшелігі былтыр тек ұлттық кітап мерекесін ғана атап өтсек, биылғы жылы біз деген Ұлттық кітап күні мен кітапханашылар күнін біріктіріп, бір күнде өткізіп жатырмыз. Соның ішінде бізде көп марапаттар өте көп болып жатыр»
Кітап – ұлттың жады, сананың шамшырағы, ал кітапханашы сол рухани байлықты оқырманға жеткізетін алтын көпір екені анық. Рухани кеште мамандардың еңбегі лайықты түрде бағаланып, құрметке бөленді. Он жылдан аса кітапхана дамуына сүбелі үлес қосқан Құралай Жайлаубекқызы да осы игі істің алдыңғы шебінде жүр.
ҚҰРАЛАЙ МОЛДАХМЕТОВА
КІТАПХАНАШЫ
«Негізінен библиография мамандығын алып келе жатырмын. Ішінде газет-журналдармен, сол жерде мақалаларды өзім қазіргі таңда «Ирбис» бағдарламасына кіргізіп отырамын. Ары қарай да осы жасанды интеллектпен қазірде жұмыстар атқарып келеміз. Кітапханамыз жылдан жылға ақырындап дамып келе жатыр»
Қазіргі таңда кітапханалар тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен мәдениеттің шығармашылық пен жаңа идеялардың орталығына айналып келеді. Жаңартылған кітапханаларда оқырмандарға барлық жағдай жасалған. Электронды кітап жүйесі, қолжетімді ақпарат, жайлы оқу аймақтары мен тегін вайфай қарастырылған.
АЙГҮЛ АҚТАНОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНА ДИРЕКТОРЫ
« Біздің жайлылық аймағымыз, жайлы аймақта жастарға жатып оқуға, отырып оқуға, планшет қолдануға, ноутбуктар қолдануға, одан бөлек нақты деректер қолжетімділігі. Өйткені жаңағы интернетте көп ақпараттар дұрыс-бұрыс екені белгісіз ғой, сол себепті біз Ұлттық энциклопедияға сүйене отырып, анықтама ақпараттарға сүйене отырып, жастарға нақты дұрыс ақпарат беріп отырмыз және қолжетімділікті қамтамасыз етеміз. Соның арқасында 18 бен 21. аралығындағы жастар үш есеге артты біздің кітапханамызда.»
Өткен жылы Қонаев қалалық, Ұйғыр аудандық және Шелектегі кітапханалары заманауи талапқа сай жаңартылса, Жандосов ауылында балалар кітапханасы есігін айқара ашты. Биыл тағы екі кітапхананы модернизациялау жоспарланып отыр.