Астана жастар театры Қонаев қаласында

Астана Жастар театры Қонаев қаласына гастрольдік сапармен келіп, қала тұрғындарына ерекше рухани кеш сыйлады. Елордалық өнер майталмандары Қонаев сахнасында өнерін паш етіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.


«Жанарымдағы жалғыз әуен» — театр әлеміндегі «бір ән — бір спектакль» форматында қойылған ерекше туынды. Қойылымның режиссері  Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, театрдың көркемдік жетекшісі әрі бас режиссер Нұрқанат Жақыпбай. Спектакль-концерт үлгісінде өрілген туынды қазақ халқының тарихы мен тағдырын, қилы кезеңдерін ән мен әуен арқылы көрермен жүрегіне жеткізеді.

МАҚПАЛ МЫСА
АСТАНА ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
« Қазақтың белгілі, белді әндері. Яғни, бұл жерде классика, оқиға, әуен, ән, поэзия бәрі тұтасып, осы халықтың ғұмырына ойлаған лейтмотив деп қабылдауға болатын сондай бір дүние. Яғни айтамыз ғой, «Жан тазармай, дүние тазармайды» деп дәл осы «Жанарымдағы жалғыз әуен» көрерменнің жанын тазартатын катарсис іспетті үлкен қойылым»

Жастар театры – үнемі ізденіс пен тың шешімге ұмтылатын, көркемдік өрнегімен дараланған шығармашылық ұжым. Аз ғана уақыт ішінде толайым табысқа жетіп, халықаралық және республикалық байқауларда талай мәрте топ жарып, жоғары марапаттарға ие болды. Қонаев сахнасындағы кеш көрермен көңілінен шығып, әртістер халықтың ыстық ықыласы мен қошеметіне дән риза болды. 

БАҚЫТ ҚАЖЫБАЕВ
АКТЕР
«Өте тамаша, жақсы қарсы алып жатыр. Бұл енді Қонаев қаласына біздің алғашқы сапарымыз емес. Одан да алдын келіп, осы жерде өнер көрсеткен болатынбыз. Сол Алматыға келіп тұрып, енді жақын тұрған Қонаевқа да соға кетейік деген ниетпен келдік. Енді осымен гастрольдік сапарымыз тәмам. Алла бұйырса, Астанаға жол тартамыз. Енді көрерменнің ыстық ықыласын өздеріңіз де байқаған шығарсыздар.

Өнер ұжымы алдағы уақытта Қонаев қаласында театр бой көтерсе, қайта келіп өнер көрсетуге әрдайым дайын екендерін айтады. Айтуларынша, мұндай бастамалар өңірдегі мәдени өмірді жандандырып, көрерменнің театрға деген ықыласын арттыра түседі.

Сондай-ақ оқыңыз: