Қазақ киносының құлагері
Қазақ киносының «Құлагері» атанған Абдолла Қарсақбаевтың туғанына биыл -100 жыл. Осыған орай, Қонаев қаласында режиссердің ғасырлық мерейтойы салтанатты түрде ашылды. ЮНЕСКО деңгейінде аталып жатқан айтулы датаға орай ұйымдастырылған рухани кеште ұлттық кинематографияның жауһарлары жаңғырып, тұлғаның өлшеусіз мұрасы ұлықталды. Бейнематериалды тілшіміз Жадыра Қуанышбек тарқатады.
ЖАДЫРА ҚУАНЫШБЕК
ТІЛШІ
"Менің атым Қожа", "Алпамыс мектепке барады", "Бандыны қуған Хамит"... Бұл туындылар қазақ киносының алтын қоры ғана емес, әр қазақтың балалық шағының тәтті естелігі. Осы картиналар арқылы біз мейірімділік пен шынайылықты танып өстік. Оның экрандағы қолтаңбасы уақыт өтсе де ескірмейтін, ұлттық нақыш пен парасатқа толы құнды мұраға айналды
Салтанатты кеш «Қазақ киносының Құлагері» атты әсерлі бейнепрологпен басталып, көрерменді режиссердің сиқырлы әлеміне жетеледі. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев сөз алып, режиссер мұрасының маңызына тоқталды.
МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Тау алыстаған сайық асқақтай түсетіндігі секілді, уақыт өткен сайын А.Қарсақбаевтың өнердегі өнегелі жолы мен шығармашылық қолтаңбасының маңызы арта бермек. Ер есімін ел жадында жаңғырту жолындағы игі істеріміз жемісті болсын. Баршаңызға денсаулық, қажымас қайрат пен бақ-береке тілеймін. Халқымыздың рухани кеңістігі асқақтай берсін. Мерейтой құтты болсын!»
Мерейтойлық кеш нағыз өнер думанына ұласты. Сахна төрінде «Алтынай» би ансамблі мен ішекті-камералық оркестр өнер көрсетіп, экраннан режиссердің классикалық фильмдерінен үзінділер көрсетілді. Режиссердің жары Клара Қарсақбаева мен шәкірттері Абдолла мектебінің өнегесін тебірене еске алды.
ДОСХАН ЖОЛЖАҚСЫНОВ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
«Осы мені кең аудиторияға, экранды жалғыз өзіме ғана ардақтап тапсырған Әбекем еді. Әбекеңнің ісін түгендеп шығу мүмкін емес, бір ғана "Менің атым Қожа" бүкіл Францияны дүр сілкіндіріп, бәйгені қанжығасына алып Әбекем келгенде қуанбаған қазақ болмаған шығар деп ойлаймын»
НҰРЛАН ӨНЕРБАЕВ
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ӘРТІСІ
«Бүгінгі іс-шараға, осынау үлкен мерейтойға Астанадан арнайы келіп, "Ауылым" әнін айтып тұрған себебім, бұл әнді жазған ақын Н.Әлімқұлов та, әнін жазған Ә.Бейсеуов те сол Ұзынағаштың тумалары. Ол кісілердің көкейінен шыққан табиғатқа деген, туған жерге, ауылға деген үлкен махаббат біздің Абдолла ағамыздың әрбір киносында, әрбір туындысында, еңбегінде көрініп тұрады. Міне, соған бір байланыс болсын деген ниетпен бүгін осындай қуанышқа келгеніме өзімді бақытты жандардың қатарынан санаймын»
Мерейтой аясында жыл соңына дейін түрлі тағылымды шаралар, кино апталықтары мен ғылыми конференциялар өтеді. Абдолла Қарсақбаев салған сара жол – қазақ кино өнерінің бағыт-бағдарын айқындады дейді зиялы қауым.