Мерген қыз
Іле ауданында өтіп жатқан стенд атудан Әлем кубогында қазақстандық Әсем Орынбай жеңіске жетті.
Әйелдер арасында «Скит» бағдарламасында сынға түскен жерлесеміз барлық қарсыласын артта қалдырып, алтын медальді иеленді. Бұл Алматы облысы спортшысының қоржынына түскен кезекті ірі жүлде. Жарыс нәтижесін Дастан Маратұлы айтсын.
Жарыстың іріктеу кезеңінде Әсем жетінші орынмен финалға жолдама алған еді. Ал шешуші кезеңде спортшымыз 33 нысананы дәл көздеп, бірінші орынға табан тіреді. Бұл нәтиже оған әлемдік рекордты қайталауға мүмкіндік берді. Күміс жүлде қытайлық Цзян Итинге бұйырса, италиялық Мартина Бартоломеи қола жүлдегер атанды.
ӘСЕМ ОРЫНБАЙ
ӘЛЕМ КУБОГЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ
«Мен өте қатты бақыттымын. Екінші рет алтын алу өте қиын, бірншіден қарағанда. Финал өте қиын болды, қарсыластардың бәрін өте жақсы білемін. Сондықтан әлі өзім сеніп тұрған жоқпы»
Финалда сонымен қатар Кипр, Мексика, Әзербайжан, Катар мен Чехия өкілдері бақ сынады. Ал ерлер арасындағы сында қазақстандық мергендер жүлделі орындарға іліге алмады. Жалпы бұл әлемдік додаға 42 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. Халықаралық спорттық ату федерациясының қолдауымен өтіп жатқан жарыс спорттың бұл түрін дамытудағы маңызды кезең.
ЛУЧАНО РОССИ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫҚ АТУ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Бүгін біз жай ғана жарысты емес, ату спортының дамуына серпін беретін қуатты алаңды көріп отырмыз. Қазақстан жоғары кәсібилік пен қонақжайлық танытып, әлемдік стандарттарға сай жағдай жасап отыр. Бұл біздің спорт түрінің дамуына қосылған маңызды үлес.
Іледегі турнир 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына қатысу үшін рейтингтік ұпай жинауға мүмкіндік беретін негізгі кезеңдердің бірі. Қазақстан қабылдаушы тарап ретінде жарысқа максималды квота бойынша қатысуда. Алда әлі бірнеше бағдарлама бойынша сындар күтіп тұр. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі 10 мамырға жоспарланған