«Толағай» жарысы өтті
15 мамыр – Отбасы күніне орай Райымбек ауданында “Толағай” отбасылық жарысы өтті.
Сайысқа ауданның белсенді 6 отбасы қатысып, түрлі кезеңдер бойынша бақ сынады. Тағылымы мол шара отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуды мақсат етті.
Байқау барысында отбасылар ептілік, шапшаңдық пен ұйымшылдық көрсетті. Әсіресе кішкентай бүлдіршіндер белсенділік танытып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше көңіл-күй сыйлады.
ЕЛАМАН ТҮМЕНБАЙҰЛЫ
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
“ Біздің орталықта 5935-ке жуық отбасы бар ауданымыз бойынша, оның ішінде 380-ге жуық отбасы көмек алады. Толағай жарысына 6-отбасы іріктеліп алынған. Оның ішінде, әкесі, шешесі, балалары 10 мен 12 жас, және 5 пен 7 жас арасындағы отбасылар қатысуда. Отбасыларға сәттілік тілейміз. Алдағы уақытта ауданымыздың 90 жылдығы құтты болсын.”
Сайыс ережесіне сәйкес қатысушылар бірнеше кезең бойынша өзара тартысты дода өткізді. Жылдамдық пен бірлік сынға түскен бәсекеде әр отбасы жеңіске деген жігерін көрсетті. Нәтижесінде үздік атанған отбасылар қомақты сыйлықтармен марапатталды.
“ТҰЛПАР” КОМАНДАСЫ
“Райымбек ауданының 90 жылдығына орай өткізілген Толағай жарысына, Отбасын қолдау ұйымына алғыс айтамыз. Осы орайда жүлделі бірінші орын алдық. Топтың аты: Тұлпар, Топтың ұраны: Жалындап біз жанамыз, жеңіске жол саламыз.”
«Толағай» жарысы тек спорттық сайыс емес. Ол бір шаңырақ астындағы сыйластық пен ауызбірліктің, береке мен бауырмалдықтың көрінісі. Осындай игі бастамалар арқылы қоғамда отбасы институтының рөлі артып, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтардың маңызы насихатталады.
Аяла Ұланқызы «ҚонаевМедиа»