Азия өнері

ҚР Ұлттық Орталық музей биылғы Халықаралық музейлер күнінде өнер сүйер қауымға ерекше тарту жасады. Кескіндеме өнерінің тамаша туындыларын көргісі келетін жандарға «Азия өнері» атты ауқымды көрме ұйымдастырылды. 1 маусымға дейін жалғасатын мәдени іс-шара  жайлы тілшіміз баяндайды.

Халықаралық музейлер күніне орайластырылған «Азия өнері» экспозициясы отандық қылқалам шеберлерінің жүзден астам туындысын біріктірді. Биылғы айтулы мерекенің «Музейлер бөлінген әлемді біріктіреді» деген тақырыбын ұйымдастырушылар кескіндеме мен қолөнер арқылы шебер жеткізуге тырысқан. Солардың бірі - Қонаев қаласынан келген суретші Татьяна Шестакова. Майлы бояумен жұмыс істейтін автор өз картиналарында көрерменді ішкі түйсікке құлақ түріп, шешімді жүрек қалауымен қабылдауға шақырады.


ТАТЬЯНА ШЕСТАКОВА
СУРЕТШІ 
«Бұл туындылар менің ең сүйікті жұмыстарымның бірі. Мұндағы басты тақырып -адамның өзін жоғалтуы және қайта табуы. Мәселен, «Балерина» мен «Су перісі» бейнелері арқылы мен өз жолыңды таңдау, еркіндік туралы ой қозғағым келді. Біз кейде өз қалауымыздан бас тартып жатамыз, ал оның өтеуі қандай болатыны суреттерімде көрініс тапқан»

Шығармашылыққа деген құштарлық кейде негізгі кәсіппен де шектелмейді. Мәселен, Диана Каплун мамандығы бойынша заңгер болса да, бос уақытында қылқаламды серік еткен. Ол сурет салу арқылы жан дүниесін байытып қана қоймай, өз туындыларымен балаларына да көңіл-күй сыйлауды әдетке айналдырған.

ДИАНА КАПЛУН
СУРЕТШІ
Аударма «Бұл көрмеге екі портретімді әкелдім, оның бірі - қызымның бейнесі. Демалыста жүргенде түсірілген сәт болатын. Мен оның бассейнде жүзіп жүрген бақытты, алаңсыз шағын естелік ретінде сақтағым келді. Ал акварель бояуы өмірдің жеңілдігі мен сол бір бақытты сәтті өте әдемі жеткізеді»

Ал дәстүрлі  «Музей түнінде » ұлттық музей  көрермен назарына бірегей экспозицияларды ұсынып, танымдық бағдарламаның ауқымын кеңейтіп отыр.

АННА КУЩЕНКО
ҚР ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҚ МУЗЕЙДІҢ БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ
«Біз келушілер өте көп болады деп ойлаймыз. Өйткені, кіру тегін. «Музейдегі түн» акциясында көрермен өте құнды  дүниелерді тамашалайды. Яғни, біз жұртшылық назарына өте сирек кездесетін, тіпті жалғыз данада ғана сақталған жәдігерлерді ұсынбақпыз»

Орталық Азияның мәдениеті мен өнерін ұштастырған бұл ауқымды көрме Ұлттық Орталық музей залында 1 маусымға дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз: