Жамбыл мұрасы

Жамбыл ауданында ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған «Жамбыл мұрасы – ұлт қазынасы» атты облыстық жас ақындар айтысы өтті. «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында ұйымдастырылған өнер додасына өңірдің түкпір-түкпірінен келген 16 өрен қатысты. Толығырақ тілшіміз тарқатсын.


Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мұрасын жырына арқау еткен жас таланттар жұптасып өнер көрсетті. Облыстың әр ауданы мен қаласынан іріктеліп келген кіл мықтылар суырып салмалық қабілеттерімен көзге түсіп, ой ұшқырлықтарымен көптің қошеметіне бөленді. Қара сөздің қадір қасиетін терең түсінетін оқушылар табан астында сөз тауып, өнерімен жиылған көпті тамсандырды. Жалпы аламанның мақсаты да осы «Жастардың айтыс өнеріне деген қызығушылығын арттыру»,- дейді ұйымдастырушылар.


СЕРІК НҰРҚАДЫРОВ
«AMANAT» ПАРТИЯСЫ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ХАТШЫСЫ 
«Оқушылардың арасында осындай деңгейде айтысу бізді өте қуантады. Жастардың айтысқа, тіл өнеріне деген құштарлығы құштарлығы біздің көңілімізден шығады. Бұл дұрыс бағыт деп ойлаймын жастарымыз мына төл өнеріміз айтысты меңгеру керек, білу керек. Сол бағытта ақындарымыз өсіп жатса нұр үстіне нұр болары анық. »

 Сахнада суырып салмалық өнерін көрсетіп, сәнді сөз, қағытпа қалжынымен көрерменді күлкіге қарық қылғандардың бірі 8 жасар Нұрғиса. Табан астында сөз тауып, өзінен үлкен қыз жігіттермен қаймықпай айтысқан бала ақын жиылған көрерменнің  ыстық ықыласына бөленді. Небәрі екінші сынып оқитын жас талант домбыраның құлағында еркін ойнап, ой ұтқырлығымен қарсыластарын шаң қаптырды. 

НҰРҒИСА ҚАЗИ
АҚЫН 
«Ақнұр деген қызбен шықтым. Ол 11 класс мен 2 сынып едім. Ол мықты айтысады, мен берілмеу үшін барымды салдым. Айтыс оңай болған жоқ, қызық болды. Өзім сияқты балалармен, көп ағайындармен таныстым. Айтысқа 7 жасымнан бастап қызығамын. Домбыраға 6 жасымнан қызығамын.»

Қазылар алқасының шешімімен жыр бәйгесінің бас жүлдесін Қарасай ауданының ақыны Қази Нұрғиса иеленді . Бірінші орынды  Балқаш ауданының ақыны Нұрланқызы Кәусар алды , ал екінші орынға Қарасай ауданының ақыны Нұршабеков Рауан мен Жамбыл ауданының ақыны Зинулла Ақнұр жайғасты. Үздік үштікті Талғар, Қонаев, Еңбекшіқазақ ауданының ақындары түйіндеді.

Сондай-ақ оқыңыз: