Кристиан Диордың музасы болған қазақ қызы
Биыл Азиядағы тұңғыш сәнбике, әйгілі француз модельері Кристиан Диор үйінің музасы атанған қазақ қызы Алла Елшіннің 100 жылдығы. Әлемдік сән кеңістігінде айрықша із қалдырған атақты аруға арналған жиынға Еуропадан келген қонақтар, сәнгерлер және өнер мен мәдениетті ұштастырып жүрген зиялы қауым өкілдері қатысты. 80 жыл бұрын батысты таңғалдырған бикеш жайлы тілшіміз тарқатсын.
Атақты манекенші Алла Елшін 1926 жылы 10 желтоқсанда Қытайдың Харбин қаласында дүниеге келген. ХХ ғасырда әлемдік сән кеңістігінде айрықша із қалдырған бикеш өзінің сұлу келбеті, сырлы сымбатымен әйгілі француз модельері Кристиан Диордың көзіне түсіп, сән үйіне сәттілік әкелген тұмарға айналады. Осылайша қарапайым қазақ қызы әлемдік бренд Dior сән үйінде еңбек етіп, «Шығыстың жауһары» деген атпен әлемге танылды.
БЕРЛИН ИРИШЕВ
ФРАНЦИЯДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Сол 47 жылы келген, 47 см талиясымен солай ең бірінші музасы болып саналған. Соны осы кітаптардың фотоларынан көресіз. Протокол қойған кезде Алла бірінші тұрады, Алла бірінші бастайды дефилені. Агентстволардан сатып алдық, өте қымбат көп суреттері. Мынау ағылшынша 25 жылы шыққан кітаптың обложкасында тұрған сурет — 1700 евро.»
Берлин Кенжетайұлының айтуынша, 2018 жылы Парижде жүрген сәтінде күтпеген жерден азиялық келбетті ару бейнеленген портретке көзі түседі. Сол сәттен бастап беймәлім бейне зерттеушінің қызығушылығын оятады.
ҰЗАҚБАЙ АЙТЖАНОВ МЕЦЕНАТ
«Қастеев атындағы мұражайда бірінші көрме ұйымдастырдық, бір суреттің көрмесі деген. Содан ары қарай зерттеу, ізденіс басталды. Бір кітаптан бір кітап шықты. Кейін деректі фильм шықты. Деректі фильм әлемнің 10-нан астам кинофестивальдерінің бас жүлдесін жеңіп алды.»
Ізденіс барысында сәнбикенің әкесі Қуантхан Елшіннің этникалық қазақ екені анықталады. Қазақ аруы туралы Берлин Иришевтің алғашқы кітабы Қытайда басылып шықпас бұрын, деректер жергілікті мамандар тарапынан мұқият тексеріліп, әкесіне қатысты мәлімет толық расталады. Араға жеті жыл салып, мерейтой қарсаңында жаңа жинақ «Алла Елшін – рухани мұра» деген атаумен қазақ тілінде жарық көреді. Сондай-ақ, қазақстандық сәнді халықаралық деңгейде дамытуға бағытталған тағы бір еңбек — «QAZAQ FASHION» кітабы да оқырманға жол тартты.
ДАНА ХАССАН
«QAZAQ FASHION» КІТАБЫНЫҢ АВТОРЫ
«Біз қазақ сәнін әлемге танытуды мақсат еттік. Қазақ дизайнерлері мен модельдерінің жетістіктерін бір кітапқа жинап, оқырманға қазақ сән әлемін жақыннан таныстыруды қаладық. Бүгінде отандастарымыз Louis Vuitton, Dior, Celine секілді әлемдік брендтермен жұмыс істеп жүр. Көпшілік оларды басқа ұлт өкілдері деп ойлауы мүмкін, алайда олар — қазақ жастары. Мұны ел де, әлем де білуі керек.»
Жиында елімізде өткен Aspara Fashion халықаралық сән байқауының үздіктерінің сән көрсетілімі ұсынылды. Қазақстандық сәнгерлердің ерекше топтамалары қонақтардың қызығушылығын оятып, көпті тамсандырды.
АЙДАРХАН ҚАЛИЕВ
«ASPARA FASHION WEEK» ПРЕЗИДЕНТІ
«Сыртта жүріп, бірақ өзін қазақ ретінде… Мына жерде бірнеше суреттерін көрсетеді ғой, қазақы зергер бұйымдарды киіп, орамалды тартып жүргенде кәдімгі қазақтың қарапайым қызы ретінде көрініп тұрды. Сол үшін совет дәуірінде Қазақстанға келе алмаған апамыз, өзі арманда болып, сөйтіп кеткен.»
Париж подиумында талдырмаш келбетімен көптің жүрегін жаулаған қазақ қызының ескерткіші жасалды. Ол үшін арнайы байқау ұйымдастырылып, әлемнің түкпір-түкпірінен 25 мүсінші өз жұмыстарын ұсынған. Байқау қорытындысы бойынша қазақстандық суретші Шоқан Төлештің жобасы үздік деп танылып, 3 метрлік қола мүсін жасалды. Тарихи тұлғаның кескін-келбетін жасап шығуға жарты жылға жуық уақыт кеткен.
ШОҚАН ТӨЛЕШ
МҮСІНШІ
«Қолада жылулық бар. Ал жылулық деген — Алланың өзінің жылулығы. Одан пластикалық формасын шығаруға болады. Қимылы барлық материалға келе бермейді. Басында ақ мрамордан жасасам ба деп ойлағанмын. Онда басқаша өң, басқаша өң болады. Ал мына тұрған қимылға тек қола келеді.»
Алла Елшіннің есімін тарихи Отанына қайта оралтуға бағытталған жоба жеті жыл бойы жалғасып келеді. Бастама аясында архивтік деректер жинақталып, ғылыми-зерттеу еңбектері жарық көрді және деректі фильм түсірілді. Алла Елшіннің тарихи тұлғасы халықаралық деңгейде де мойындалды. 2024 жылы Dior сән үйі ұсынған топтамада Алла Елшін мен Кристиан Диор бейнесі қолданылды. Және бұл жинақ 60 елде, брендтің 500-ден аса дүкенінде сатылымға шығарылды.