Президент болашақ чемпиондармен кездесті

Жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД аумағында баламасы жоқ, атақты «Атлетико де Мадрид» футбол клубының халықаралық академиясына барды. Алматы облысының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтерген бұл бірегей жоба отандық меценаттар мен испандық мамандардың бірлескен сәтті қадамы. Былтыр ғана ресми түрде жалауын желбіреткен оқу ордасы, бүгінде әлемдік деңгейдегі ең үздік бағдарламаларды жүргізіп отыр. 

Қазіргі таңда мұнда доп сиқырын меңгеріп, болашақта еліміздің намысын қорғауды армандайтын 100-ден астам қара домалақ жаттығуда. Президенттің сапары жайында толығырақ әріптесім Дастан Маратұлы айтсын.

ТМД елдері мен Орталық Азия аумағында теңдесі жоқ бұл бірегей жобаның негізі 2024 жылы қаланған болатын. Сол кезде атақты испандық клубтың президенті Энрике Сересо Қазақстанға арнайы келіп, Мемлекет басшысына осы академияны ашу туралы ұсынысын жеткізген еді. Президент бұл бастаманы бірден құптап, қолдау білдірді. Жалпы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бүгінде еліміздегі спорт мектептері мен секцияларында 40 мыңға жуық бала футболмен тұрақты түрде айналысады. Енді міне, Талғар қаласындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығының базасында бой көтерген бұл халықаралық академия, сол дарынды жастардың әлемдік аренаға жол тартуына үлкен септігін тигізбек. Сапар аясында Президент академияның тыныс-тіршілігімен танысып, болашақ чемпиондармен жүздесті.


БЕРІК ЕРНАР 
ОҚУШЫ
5-6 жыл болды қатысып жатырмын футболға. Ол жақтың жаттығулары, бүкіл осы тамақтану, ұйқы режимі бүкілі өте үлкен деңгейде. Ол жақтың жаттығулары маған ұнайды. Испан футболымен, қазақстандық футбол техникамен былай бірдей болуы мүмкін, бірақ олардың ойын стилі мүлдем басқаша. Арманым  мықты кәсіби футболшы болу. Құдай қаласа, «Атлетико Мадридтің» өзінде ойнау.

Академия тек заманауи инфрақұрылымымен ғана емес, сонымен қатар оқу-жаттығу жүйесінің ерекшелігімен де дараланады. Мұнда балаларды іріктеу және оқыту процесі тікелей испандық мамандардың әдістемесі бойынша жүзеге асырылуда. Ең бастысы, заманауи кешенде ауыл балалары мен дарынды жеткіншектердің тегін білім алуына зор мүмкіндік туып отыр. Оқыту бағдарламасы балалардың спорттық шеберлігін ғана емес, олардың интеллектуалдық тұрғыдан да дамуын қатар қамтиды.

НУРИДДИН ВАДЖИТОВ 
«АТЛЕТИКО МАДРИД ҚАЗАҚСТАН» АКАДЕМИЯСЫНЫҢ ОҚУ-ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
Қазіргі таңда бізде 2012 және 2013 жылғы екі жас ерекшелігі бойынша санат бар. Футболшылардың арасында ең қабілетті, дарынды балалар іріктелген. Біз бұл командаларды High Performance, яғни әлеуеті өте жоғары, болашағынан үлкен үміт күттіретін ұжымдар деп атаймыз. Осы балалар грант негізінде білім алуда. Дәл қазіргі уақытта академияда 118 тәрбиеленуші бар, оның ішінде 42 бала грант жүйесі бойынша тегін оқып жатыр.

Жалпы, Алматы облысында бұқаралық және балалар спортын дамытуға, соның ішінде футбол үйірмелерінің аясын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінуде. Өңірде мыңдаған жеткіншек түрлі спорттық секцияларға тұрақты түрде қатысып, салауатты өмір салтын серік еткен. Осындай халықаралық деңгейдегі жобалардың ашылуы аймақтың спорттық әлеуетін мүлдем жаңа белеске көтерері анық. Бұл 
ретте жергілікті билік пен отандық меценаттардың да еңбегі орасан зор.

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Мемлекет басшысының бұл сапары біз үшін өте маңызды. Ол бірнеше нысандарды, соның ішінде футбол академиясын аралап көрді. «Атлетико де Мадрид» футбол академиясы біздің меценаттардың және Испания корольдік футбол клубының қолдауымен құрылды. Қазір мұнда 100-ден астам бала жаттығып, осы жерде тұрып жатыр, сонымен қатар Талғардағы мектепте білім алуда. Жалпы, олар өз жас ерекшеліктеріне қарай өте жақсы нәтижелер көрсетіп келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев академияның жас футболшыларымен ашық әңгімелесіп, олардың алдағы жоспарлары мен асқақ армандарына құлақ түрді. Еліміздің спорттық намысын әлемдік аренада қорғайтын саңлақтар дәл осындай мектептерден шығатынына сенім білдірген Президент, балалармен бірге естелік фотоға түсіп, оларға зор сәттілік пен жарқын жеңістер тіледі.

Сондай-ақ оқыңыз: