«Streetхана» продюсері: «Біз «Кухняны» қайталамаймыз, біз өзіміздің төлтума өнімімізді жасаймыз»
Алматыда Кинопоиск тапсырысы бойынша «Streetхана» атты жаңа отандық сериалдың түсірілімі басталды. Сегіз бөлімнен тұратын романтикалық комедия Алматы көшелері, көше тағамы мен жастардың өмірі туралы баяндайды.
Сериалдың режиссері — «Паралимпиец» және «Игроманка» фильмдері арқылы танылған Алдияр Байракимов. Басты рөлде — жас аспаз Теңіз. Ол шығыс, қазақ және өзбек аспаздық дәстүрін біріктіретін ерекше тағам – шаурсақ ойлап тауып, елге көше тағамының да мейрамхана мәзірінен кем емес екенін дәлелдегісі келеді.
«Бұл — тағам емес, адамдар арасындағы қарым-қатынас туралы хикая», — дейді Кинопоиск продюсері Игорь Воробьев.
Түсірілім Алматының көрікті жерлерінде өтіп жатыр. Негізгі локация — жөндеудегі “Қарлығаш” кафесі. Сценарий бойынша оқиға бір көшеде орналасқан екі мейрамхана мен фудтрак төңірегінде өрбиді.

Басты рөлді сомдайтын актер Дидар Төлеген үшін бұл — алғашқы үлкен жоба.
«Бұған дейін тамақ та пісіре алмайтынмын. Қазір кез келген тағамды жасай аламын. Бірақ 38 градуста әскери шалбармен жүру — көңілді сәттердің бірі болды», — дейді ол.
Сериалда жаңа есімдерге басымдық берілген. Роми рөлін өнер академиясының студенті сомдайды. Продюсердің айтуынша, бұл кейіпкерге лайық актрисаны табу оңай болмаған.
«Ұзақ іздедік. Соңғы сәтте кастинг-директор тапты. Бірден бәрімізге ұнады», — дейді Воробьев.
Кейіпкер Роми — балалар үйінің түлегі. Актриса Айжан Пернебекова оның мінезін «құрбан емес, жыртқыш» деп сипаттайды.
Сериалдың тизері жарыққа шыққаннан кейін, кей көрермендер оны «Кухнямен» салыстырып үлгерді. Алайда продюсер бұл — түпнұсқа, қазақстандық идея екенін айтады:
«Біздің мақсат — ешкімге ұқсамайтын отандық өнім жасау. Көшіру емес».
Премьерасы — 2025 жылдың күзіне жоспарланған. Ал сериал сәтті шықса, екінші маусымы да түсіріледі.

Материалды дайындаған: Баянсұлу Қайбулла, Qonaev Media