Ретро әлемге саяхат

Зейнеткердің отыз ретро-автокөлігі бар. Қарасай ауданы, Жалпақсай ауылының  тұрғыны  Эмиль Абдулаханов раритет көліктерді еліміздің түкпір-түкпірінен алдырып, оларға жаңа өмір сыйлап, толығымен қайта жаңғыртады. Ерекше әуестігі бар жанмен әріптесім  Ақжан Анапия тілдесіп қайтты.

Эмиль Насырұлы құқық қорғау саласында отыз үш қызмет етті. Қазір жетпіс үш жасты еңсерсе де ширақ. Тұрағында отыз ретро көлігі бар.. Кеңес кезіндегі классикалық көліктен бастап, қарулы күштер пайдаланған тегеурінді техника. Бұған қоса мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көліктер бар.  Сондай-ақ  «Волга», «Лада» мен «Москвичтерді» ол  он жылдан аса уақытта жинаған. Үнемі еңбек еткен азамат «Зейнетке шыққан соң қол қусырып отыра алмадым дейді.  Қазіргі ермегі - ретро-көліктерді жаңғырту. 

ЭМИЛЬ АБДУЛАХАНОВ 
КОЛЛЕКЦИОНЕР
«Бір нәрсеге білек сыбана кіріссең, өзіңнің жасыңды да, қай жерің ауырып жатқанын да байқамайсың. Ешнәрсеге қарамайсың. Бұл іске қызыққаным сонша сіздер қанша көлігің бар деп сұрағанда ғана, отыз көлік жинап үлгергенімді түсіндім. Оған дейін көп нәрсеге мән бермеппін.» 

АҚЖАН АНАПИЯ 
ТІЛШІ 
«Раритет көліктердің қатарында  «Чайка» автомобилі де бар. Бұл – кеңестік кезеңдегі шағын лимузин. КСРО кезінде мұндай көлік тек партиялық элита өкілдерінде болған. Автокөлік қазір де өз сән-салтанатымен тұр.  Бір қызығы, бұл көлік алда Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа арналған көркем фильмнің түсірілімінде көрініс табады.»


Көлік Эмиль Насырұлына өте ескі күйде келеді. Әр автокөлікті қалпына келтіруге кейде жарты жыл кетеді. Себебі қажетті бөлшегіне донор ретінде қосымша ескі көліктерді сатып алуға тура келеді. Есесіне дайын, су жаңа темір тұлпарлар  сұранысқа ие. Мәселен, коллекционердің  «Жедел жәрдем» деген жазуы бар, арнайы жабдықталған әмбебап көлікті  былтыр  ғана жарыққа шыққан «Менің атым Қожа» фильмінен көре аламыз. Сондай-ақ «Операция И» фильмінен кейін танымал болып, халық «Моргуновка» деп атап кеткен көлігі де тұрақтың көркіне айналды. Кейде фильм түсірілімдерінде автомобильдерді қиратуға тура келеді. Кейін оларды қалпына келтіру қажет болады. 


ЭМИЛЬ АБДУЛАХАНОВ
КОЛЛЕКЦИОНЕР
«Кино түсірушілермен бірге жүріп, фильмнің қалай түсірілетінін, бүкіл процесті көрудің өзі өте қызық. Мәселен, былтыр мамырда «Аллигатор» фильмі жарыққа шықты. Оны Мәскеуден келген режиссер  түсірді. Түсірілім кезінде 401-ші «Москвич» арнайы тіркемеге орналастырылып, актерлер көліктің ішінде отырған. Сырт көзге көлік өздігінен қозғалып келе жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде мен оны сүйредім. Бұл маған өте қызық тәжірибе болды» 

Көлікпен қатар автотұрағына жақында кеңес кезіндегі М-72 әскери мотоциклі де қосылды. Эмиль Насырұлы бұны да өте ескі күйінде алып, су жаңа күйге жеткізген.  Тіпті Дегтерев пулеметі бекітілетін орынға дейін айнытпай жасаған. Пулеметтің өзі барынша түпнұсқаға жақын. Қазір Эмиль Насырұлының қолына сирек кездесетін  неміс «Адлер» автокөлігі түскен. Оның тарихы мынадай. 

ЭМИЛЬ АБДУЛАХАНОВ
КОЛЛЕКЦИОНЕР 
«Бұл көлік соғыстан кейін Түрікменстанға жеткізілген. Алғашқы иесі жоғары лауазымды әскери қызметкер болса керек. Ол қайтыс болған соң, жерлеуге Қазақстаннан барған досына балалары: «Әкеміздің көзіндей көріңіз»-  деп көлікті табыстайды. Көлік ұзақ жыл қаңтарылып тұрған. Үй сүрілетін кезде көлік иесінің ұлы оны сатуға хабарландыру береді. Мен сол хабарландыруды көріп, сөйлестім. Сөйтіп, екі жыл бұрын өзіме ерекше сыйлық жасадым. Бұл көліктің жасайтын жері көп» 


Эмиль Насырұлы үшін ескі көліктерді жаңарту әуестік қана емес, өзі өмір сүрген дәуір тынысы. Зейнеткер ретро-көліктердің қыр-сырын, эстетикасын қазіргі буынға түсіндіргісі келеді. Сол себептен, ол түрлі мемлекеттік не әлеуметтік жобаларға қатысу ниетті екенін айтады. 

Сондай-ақ оқыңыз: