Тарихи мұра
Қазақстан мен Франция арасындағы мәдени байланыс жаңа жобамен толықты. Ұлттық кітапханада француз әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын «Франция кітап бұрышы» ашылды. Сондай ақ Ғылым ордасында француз тарихшысы Мари Фавероның «Алтын Орда: дала империясы әлемді қалай өзгертті» атты еңбегінің қазақ тіліндегі нұсқасы таныстырылды.
Француз тарихшысының еңбегінде Алтын Орданың Еуразия тарихындағы орны, саяси ықпалы мен Орталық Азиядағы мәдени үдерістерге әсері кеңінен сараланады. Кітап Жошы Ұлысы мен Алтын Орданың әлемдік тарихтағы орны мен рөлін жан-жақты зерделеуге арналған. Еңбекте сауда жолдары, дипломатиялық байланыстар, қалалардың дамуы, сондай-ақ Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыстар қарастырылады. Тұсаукесер Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту бастамасын іске асыру, сондай-ақ Жошы Ұлысының тарихи-мәдени мұрасын жүйелі зерттеу аясында өткізілді.
МАРИ ФАВЕРО
ТАРИХШЫ (ФРАНЦИЯ)
«Осыдан 20 жыл бұрын Алтын Орда тақырыбын Еуропада, соның ішінде Францияда көпшілік біле бермейтін. Ал қазір жүргізіп жатқан зерттеулеріміздің арқасында бұл тақырыпқа қызығушылық артып келеді. Бүгінде мақалалар жазамын, деректі фильмдер түсіріп жатырмыз. Тіпті Париждің төрінде Алтын Орда туралы дәріс оқып жүрмін. Бұрын беймәлім болған тақырып бүгінде Еуропада кеңінен зерттеліп жатыр”
ЖЕҢІСБЕК ТӨЛЕН
ҚР ҰҒА БІЛІМ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Жалпы Қазақстандық тарихқа бұның ішінде Алтын Орда Жошы тұсында тың зерттеу деп айтуға болады. Неге? Өйткені бұл зерттеуде эвроцентристік көзқарастағы көшпелілерді перифериялық аймақ перефериялық өркениетті мемлекет деп емес яғни бүкіл дала өркениетін қалыптастырған үлкен империялық мемлекет ретінде қарастырылады. Яғни Алтын Орданың үлкен империя болғанын әлемдік деңгейде ұсынып отыр сондықтан бұл біздің осы бағыттағы зерттеуімізге үлкен үлес болып есептеледі»
Ал Ұлттық кітапхана төрінде Францияның әдебиеті мен мәдениетін таныстыратын жаңа кітап бұрышы пайда болды. Мұнда француз классиктерінің шығармаларынан бастап, қазіргі авторлардың еңбектеріне дейінгі түрлі басылымдар жинақталған. Кітап бұрышы — екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуды көздейтін ортақ жобалардың бірі.
ФРАНСУА МОНЕЖЕ
«ALLIANCE FRANÇAISE ALMATY» АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ
«Бұл – Француз Альянсы, Франция консулдығы және Ұлттық кітапхана арасындағы ынтымақтастықтың жаңа қадамы. Мақсаты – Алматы тұрғындарын француз мәдениетімен жақын таныстырғымыз келеді. Мұнда құнды кітаптар мен сирек кездесетін басылымдар да бар”
Шара барысында кітапхана мен Алматыдағы Француз Альянсы арасында мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Құжат алдағы уақытта бірлескен әдеби кештер, мәдени-ағартушылық жобалар мен түрлі ғылыми іс-шараларды жүзеге асыруға негіз болмақ.