Алматы облысында Абайдың 180 жылдығы кең көлемде аталып өтті
Алматы облысында ұлт ұстазы, хәкім Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында жыл басынан бері ауқымды мәдени бағдарлама жүзеге асуда. Өңірдің 119 мәдениет үйі, 144 кітапханасы мен 15 музейінде 30 мыңға жуық адамның қатысуымен 146-ға тарта кездесу, концерт, көрме және әдеби акциялар ұйымдастырылды.
10 тамыз күні Қонаев қаласындағы Абай ескерткіші алдында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаған зиялы қауым өкілдері гүл шоқтарын қойып, тағзым жасады. Өңір басшысы құттықтау сөз сөйлеп, мерейтойға орай облыс өнерпаздары ұлы ақынның әндерін орындады.
Мерейтойлық бағдарлама аясында Алматы облысы Абай еліне «Алтын адам» мүсінін сыйға тартатынын жариялады. Бұл – екі өңір арасындағы рухани байланысты нығайтатын символдық қадам және құрмет пен достықтың айқын белгісі болмақ.
Сондай-ақ, Абай облысында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Секен Тұрысбеков жетекшілік ететін «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі мен Алматы облысы әртістерінің қатысуымен «Абай жолы» атты үлкен концерт өтті. Шара көрермендер үшін ұлы ақын шығармашылығы әлеміне жасалған рухани саяхатқа айналды.
— Абай – қазақ халқының ғана емес, бүкіл әлем тамсана қарайтын ұлы тұлға. Оның сөзі бүгінде халықты шабыттандырып, кемелдендіреді. Біз алдағы уақытта да Абай шығармашылығын жастар арасында кеңінен насихаттай береміз, – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.