Баскетбол бәсекесі
Қонаевта 3×3 баскетболдан ерлер командалары арасында ел чемпионатының ІІ кезеңі өтті. Жарысқа еліміздің бес өңірінен келген тоғыз команда қатысты. Олимпиада бағдарламасына енген 3×3 баскетболды дамыту турнирінде ұлттық құраманың болашақ үміткерлерін анықталады.
3×3 баскетболы бүгінде Олимпиадалық спорт түрі ретінде мойындалған. Бұл формат алғаш рет 2020 жылы Токиода өткен Жазғы Олимпиада ойындарының ресми бағдарламасына енген. Сондықтан аталған бағыт Қазақстан үшін де үлкен мүмкіндікке айналып отыр. Қонаевта өткен кезекті турнирде Астана, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан және Алматы облысының командалары бақ сынады.
ТИМУР ТАЛҚАНБАЕВ
ҚР ҰЛТТЫҚ БАСКЕТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ
«3×3 баскетбол – жас спорт түрі. Қазақстан баскетбол федерациясы бұл бағытты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Биыл чемпионатқа еліміздің бес өңірінен тоғыз команда қатысты. Командалардың қызығушылық танытып, белсенді қатысуы бізді қуантады. Келер жылы осы жүйемен әйелдер және 23 жасқа дейінгі командалар арасында да чемпионат өткізуді жоспарлап отырмыз»
Алматы облысының намысын биыл алғаш рет «Алатау U-18» және «Алатау U-23» командалары қорғады. Ойын он минутқа дейін немесе командалардың бірі 21 ұпай жинағанға дейін жалғасады. Сондықтан әр шабуыл мен әр ұпайдың маңызы ерекше. Жас ойыншылар үшін бұл ұлттық чемпионаттағы алғашқы тәжірибе. Бапкерлердің айтуынша, басты мақсат нәтижеден бұрын тәжірибе жинап, елдің үздік командаларымен бәсекеге қабілетті ойын көрсету.
НҰРЛАН ЖӘНІБЕК
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БАСКЕТБОЛДАН АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
« Алматы облысында ең біріншіден айта кететінім облыс ішінде …, себебі бізде қазір жас ойыншыларға көңіл жақсы бөлініп, осындай деңгейдегі жарыстарға мүмкіншілік беріліп жатыр. Алдыңғы жылы бізде команда болған, ересектер командасы болған. Ол кезде бізде легионерлер болған. Қазір енді осы жылы, 3×3 баскетбол олимпиадалық ойын түрі болғанан кейін, біз барлық жас ойыншыларды қолдаймыз»
Екі күнге созылған тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша Астана қаласының Samal командасы чемпион атанды. Күміс жүлдені «Барсы Атырау» иеленсе, қола жүлде Western Wolves командасына бұйырды. Осылайша, Қонаевтағы чемпионаттың екінші туры өз мәресіне жетіп, командалар маусымдық рейтингке кезекті маңызды ұпайларын еншіледі.