Айдында үздіктер анықталады
Қонаев қаласында ашық суда жүзуден барлық жас ерекшеліктері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды. Жарысқа еліміздің 12 өңірінен келген 170 спортшы қатысып, бақ сынады. Чемпионаттың ашылу салтанаты «Спорт есірткіге қарсы» ұранымен өтіп, жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттауға арналған. Чемпионатта ересектер 3, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарда, сондай-ақ аралас эстафетада сынға түсті. Ал жасөспірімдер 500 метрлік қашықтық пен эстафеталық жарыстарда өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша ересектер арасында үздік шыққан 8 ер және 8 әйел спортшы Қазақстан намысын халықаралық жарыстарда қорғайды. Ал ең үздік нәтиже көрсеткен жасөспірімдер Аргентинада өтетін әлем чемпионатына қатысады.
ДӘУРЕН ЫСҚАҚОВ
БАС ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
«ҚР чемпионаты өтуде. Барлық жас топтар арасында және ересектер арасында. Жалпы жарысымызға 12 команда қатысуда. Соның ішінде Қырғызстан мемлекетінің спортшылары да бар. 26-маусымнан бастап 2-шілде аралығында жарысымыз өтеді»
ЛЕВ ЧЕРЕПАНОВ
АШЫҚ СУДА ЖҮЗУДЕН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ
«Бүгін бір миль қашықтыққа жүзуден өткен жарыста бірінші орын алдым. Жарыс әлі жалғасып жатыр. Алда бізді 5 шақырымдық эстафеталық жарыс пен 500 метрлік қысқа қашықтықтағы жүзу сайысы күтіп тұр. Спортпен айналысып жүргеніме 20 жыл болды. Соның 15 жылын кәсіби спортқа арнадым. Ашық суда жүзумен айналысқаныма биыл 10 жыл толды. Алдағы жарыстарда да жақсы нәтиже көрсетуге бар күшімді саламын»