Сарыбастау: Ауылдың 95 жылдығы мен Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығы аталып өтті
Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Сарыбастау ауылында айтулы қос мереке-елді мекеннің 95 жылдығы мен Социалистік Еңбек Ері, «дала академигі» атанған Нүсіпбек Әшімбаевтың 115 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті.
Мерекелік шара Ұлы Отан соғысында қаза тапқан сарбаздарға арналған ескерткіш алдына тағзым рәсімімен басталды. Кейін орталық алаңда қазақша күрес, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлері ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары мен қонақтар арасында кеңінен қызығушылық тудырды.
Мерекенің мәні Нүсіпбек Әшімбаевтың есімімен тығыз байланысты. Ол отыз жылдан аса уақыт бойы колхоз басқарған, мектеп, мәдениет үйі, емхана, зауыт және стадион салдырған. Елге сіңірген еңбегі үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған.
Салтанатты жиында патриоттық әндер шырқалып, бейнефильм көрсетілді. Астанадан арнайы келген режиссердің қатысуымен сахналық қойылым қойылып, «Ғасыр абызы» атты кітаптың тұсауы кесілді.
Мерекелік шараға 2000-ға жуық адам қатысып, киіз үйлерде дәм татып, ұлттық бәйге мен түрлі көріністерді тамашалады.
Бұл мерейтой-Сарыбастаудың тарихи жолына тағзым жасап, келешек ұрпаққа ұлағат боларлық маңызды оқиға ретінде есте қалмақ.