Ұлттық домбыра күні

Ұлттық рухтың үніне айналған қастерлі домбыра – халқымыздың тарихы мен тағдырын, болмысы мен мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан киелі мұра. Ұлттық домбыра күніне орай Ұйғыр аудандық мәдениет үйінде “Домбыра - дастан” атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шарада аудан әкімі ұлттық өнердің дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мәдениет қызметкерлерін марапаттады


Концерт шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылып, көрерменге домбыраның тарихы мен рухани құндылығы  насихатталды.  дәстүрлі ән, терме мен халық шығармалары тоғысқан кеште «Жазерке» халықтық ұлт аспаптар ансамблі мен аудан өнерпаздары ұлттық өнердің үздік үлгілерін сахналады.


САЛТАНАТ ЕШМҰХАМБЕТҚЫЗЫ 
ҰЙҒЫР АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ 
«Шілде айының алғашқы жексенбісі Мемлекет басшысының Жарлығымен Домбыра күні болып жарияланған. Осы мерекеге орай Ұйғыр ауданында «Домбыра – дастан» атты салтанатты шара өтті. Домбыра – ұлттық кодтың бастауы. Бүгінгі концерттік бағдарламада дәстүрлі ән, терме, жыр арқылы болашақ ұрпаққа ұлттық тәрбие беруге тырыстық.»

Мерекелік бағдарлама барысында күмбірлеген күйлер орындалып, халық әндері шырқалды. Көрермен ұлттық өнердің терең тағылымын сезініп, қазақ мәдениетінің мәйегіне айналған домбыраның құдіретіне тағы бір мәрте куә болды.

ЖАНАР ӘШІМОВА
ӘНШІ 
«Қазіргі таңда ауданымыздағы «Жазерке» халықтық ұлт аспаптар ансамблінде домбырашы әрі дәстүрлі әнші болып қызмет атқарамын. Бүгінгі «Домбыра – дастан» іс-шарасында өнерімізді халыққа ұсынып, көрерменнің алғысына бөленіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз – Жетісу өңірінің дәстүрлі әншілік, жыршылық, күйшілік мектебін жас буынға жеткізу.»

Домбыраның қоңыр үнімен көмкерілген мерекелік кеш ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады. Осындай тағылымды шаралар арқылы ұлттық мұра дәріптеліп, ата-баба аманаты келер ұрпаққа насихаттала бермек.

Сондай-ақ оқыңыз: