Ұлттың қастерлі мұрасы

Қонаев қаласы Ұлттық домбыра күнін айрықша сән-салтанатпен қарсы алды. Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақта өткен мерекеде қоңыр күй күмбірлеп, ұлттық өнердің қадір-қасиеті  насихатталды. Рухани шараға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың төл мұрасы ұлықталған шабытты сәттің  куәсі болды.


МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Қасиетті домбыра – қазақ үшін жай ғана музыкалық аспап емес, киелі құндылық. Тасқа қашалған тарихымыздан сыр шерткен күй-толғауларымыз құлағымыздан кетпесін. Ұлттық аспабымыз – домбырамыздың үні әлемді шарлай берсін»


Мерекелік кештің шырайын қазақ өнерінің саңлақтары келтірді. Сахна төрінде күмбірлеген күй мен әуелеген ән қатар өріліп, көрерменді ұлттық өнердің тұңғиығына жетеледі. Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбектің сырлы күйлері мен Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Саринаның әсерлі орындауы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал «Алатау серілері» ансамблі, «Ақ жауын» камералық оркестрі және Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының өнерпаздары қоңыр әуенмен кештің ажарын ашып, ұлттық рухты асқақтатты.

СЕКЕН ТҰРЫСБЕК 
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ
«Көшеде жаңағы домбыраны арқалап кетіп бара жатқан кезде өзіңнің еліңде, жеріңде ол шабыт сыйлайды. Сондай бір шуақты күндер көп болсын. Бұлақ көрсең, көзін аш деген жаңағы кіндіктен бұлақ бұлғынса, көгілдір көлің қатпайды дегендей. Сол балаларды көріп, ертеңгі күніңді елестетесін. Сондықтан осы домбыра күні құтты болсын, баянды болсын, тағы да айтарым»

Домбыра – халқымыздың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан қастерлі мұрасы. Ал сол мұраны бүгінге жеткізіп, оның үнін сақтап жүрген жандардың бірі – ұлттық аспап шебері Қуанышбек Рахманұлы. Ол бұл кәсіппен жиырма жылға жуық уақыт айналысып келеді. 

ҚУАНЫШБЕК РАХМАНҰЛЫ
ШЕБЕР
«Бұл жерде бір айта кетер, біздің мына Алатаудың "Тянь-Шаньның" дейміз ғой, ағашы шыршасы, мынау халықарада дүниежүзі бойынша музыка аспабының бетін жабуға, дыбысын шығаруға ең жақсы ағаш деп аталады. Сол үшін біз бақыттымыз осы таудың баурайында тұрған. Домбыра күні біз үшін енді, қазақ үшін алып айтқанда мерекелердің ең алдыңғы қатарындағы мерекелердің бірі деп санаймын. Өйткені Қадыр атамыз айтты емес пе "нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп, сол үшін осы мерекенің маңызы зор деп ойлаймын»

Өңірде күй өнерін насихаттау мен жас домбырашыларды тәрбиелеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде өңір күйшілері Қытай, Марокко, Франция және түркі елдерінде өткен халықаралық мәдени іс-шараларда қазақтың қоңыр күйін күмбірлетіп, ұлттық өнердің мерейін үстем етті. Бұл ғасырлар қойнауынан жеткен қара домбыраның үні бүгін де әлем сахнасында асқақтап, қазақ рухын төрткүл дүниеге танытып келе жатқанының айқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыз: