Нағыз қазақ - домбыра
Домбыра – қазақтың болмысын айқындайтын, жан серігіне айналған қасиетті аспап. Халқымыз қос ішекті қастерлеп, оны рухты асқақтататын баға жетпес мұра ретінде бағалаған. Осындай киелі аспап қалай жасалады? Домбыра таңдауда қандай талаптарға мән беру керек? Толығырақ әріптесім Шұғыла Баймұхан тарқатсын.
Қазақ домбыраны құрметтеген, қастерлеп, үкісін тағып төріне ілген. Оның үнінен бөлек әдемілігіне де ерекше мән берген. Ал келбеті келісті қос ішекті аспапты жасау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сәнді дизайн мен кәсіби үнді ұштастырған шеберлердің бірі Еркебұлан Ерсайынов. Ол жылына мыңдаған түрлі миузыкалық аспап жасап шығарады.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРСАЙЫН
ҚОЛӨНЕР ШЕБЕР
«Шаппа домбыра бар шабылып жасалатын. Бүтін ағаштан ойылып, бүтін ағаштан жасалады. Қазақтың құрама домбырасы бар. Мынандай бүтін ағаштан мынандай етіп шанақ тілеміз. Сосын осылай шанақтарын жинаймыз. Мынау 7 шанақтан құралған құрама домбыра. Домбыраның көп түрі бар соның барлығын жасаймыз.»
Ұсталыққа ебі бар жігіт шеберлерден дәріс алып, музыкалық аспапты жасаудың қыр-сырын меңгерген. Артынша өзінің жеке шеберханасын ашты. Қолынан шыққан домбыраға алыс жақын шетелдерден де тапсырыс келіп түседі.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
«Домбыраның жақсы болуы - ағашынан. Халық арасында осындай кең тараған мәтелі бар. Мәселен мынандай бір домбыраның жасалауына оншақты түрлі ағаш қолданылатынын білетін бе едіңіз, және оның әрқайсысының сапасы мен үнінің өзіндік әсері бар екен. Еркебұлан мырза мына домбыраны жасауға қанша түрлі ағаш қолдандыңыз?»
ЕРКЕБҰЛАН ЕРСАЙЫН
ҚОЛӨНЕР ШЕБЕР
«Домбыраның құрылымына келетін болсақ бұл 7 шанақты Канада мемлекетінен келген қызыл ағаштан жиналған. Бет қақпағына келетін болсақ - қарағай ағашы, ою-өрнегіне келетін болсақ - жаңғақ ағашы, қызыл ағаш деген сияқты әртүрлі шпон, құрама шпон түрлері жалпы. Ал енді, мойын алақанына келетін болсақ мойын алақаны - қара грав ағашы, одан кейін мойын өзегіне келетін болсақ мойын өзегі – бук ағаш, шамшат ағашы, мойнының екі жанына салынған ағаш - Майқарағай ағашы. Яғни мойнының өзі төрт бағытта төрт ағаштан құралады.»
Қарағай, шырша, үйеңкі мен қайыннан бөлек домбыра қарапайым алма, алмұрт, өрік сынды ағаштардан да жасалады. Әйтседе кейбір керекті материалды шеберлер Ресей, Қытай, Африкадан алғызады екен. Өйткені домбыраның шанағын жасауға басқа ағаш жарамайды.
ЕРКЕБҰЛАН ЕРСАЙЫН
ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ
«Жақсы домбыра жасау үшін міндетті түрде ағашты жақсы таңдау керек, тығыздығы бойынша мысалы өте берік ағаш мына Африкалық эбен ағашы, бұдан домбыра жасасаң жалпы дыбыс сапасы яғни, акустика дыбыс сапасы өте жоғары деңгейде өте керемет болып шығады, ол Африкалық эбен өзі табиғи түсі осындай, бұл ешқандай бояу жағылмаған табиғи қара ағаш. Осы эбен ағашынан көбінесе қымбат домбыра жасаймыз.»
Домбыраның дыбысын сақтау үшін аспапқа ұқыпты күтім жасау маңызды . Әсіресе ылғал мен күн сәулесінен, аяздан қорғаған абзал екен. Ал домбыра таңдарда сапасымен қоса мойнының көлеміне көбірек мән берген дұрыс дейді мамандар.
НҰРБЕК ОТАРОВ
КҮЙШІ
«Маман ретінде айта кетерім: домбыраның нотасы дұрыс болмаса, баланың музыкалық есту қабілеті (слухы) бұзылады. Сол себепті кәсіби мамандар мен шеберлер домбыраның пернелерінің орналасуын дәл есептеп, дұрыс баптайды. Соның нәтижесінде әр нота өз орнында анық шығады. Ең маңыздысы – балаға домбыраны дұрыс таңдау. Домбыраны сатып алар кезде бала отырған күйінде оның қолы барлық пернеге еркін жетуі керек. Егер домбыраның көлемі балаға сәйкес келмей, тым үлкен болса, қолы жетпейді де, қол қою техникасы (постановкасы) бұзылады.»
Музыкалық аспап 40 түрлі процестен өтіп, кемі 3 күнде толық дайын болады. Аспаптың құны жасалған ағашы мен безендіруне байланысты. Мәселен, қазір Еркебұланның қолынан шыққан туындылар 50 мыңнан бастап, 1млн.-ға дейін бағаланады екен.