Суды үнемдейік
Су – тіршіліктің ғана емес, ауыл шаруашылығының да негізгі тірегі.
Сондықтан бұл саланың мамандарына жүктелер міндет жеңіл емес. Бүгін Алматы облысында Су шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтіп, саланың үздік мамандары марапатталды.
Салтанатты жиынға су шаруашылығы саласының ардагерлері, өндірістік бөлімдердің мамандары мен инженер-гидротехниктер қатысты. Салаға сіңірген еңбегі үшін қызметкерлерге Су ресурстары және ирригация министрлігінің Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары мен «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ бірқатар маман Алматы облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
АБЗАЛ РАҚЫМБАЕВ
ИНЖЕНЕР-ГИДРОТЕХНИК
Көңіл-күйіміз жақсы. Еңбегіміз еленіп, үлкен марапатқа ие болып жатырмын. Бүгінгі іс-шараға жиналып отырған әріптестерімізд кәсіби мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларына жақсылық тілеймін. Жұмыстарына табыс тілеймін
Бүгінде өңірде 660 гидротехникалық нысан, оның ішінде 72 су қоймасы жұмыс істейді. Мамандар ірі су қоймаларындағы су көлемін күн сайын бақылауда ұстайды. Биыл Қапшағай су қоймасы 98 пайызға, Бартоғай 85 пайызға, Бестөбе 78 пайызға дейін толған. Бұл вегетациялық кезеңде егістік алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мәселен, Күрті су қоймасы Іле мен Жамбыл аудандарындағы 13,7 мың гектар суармалы жерді сумен қамтыса, Бартоғай су қоймасы арқылы Еңбекшіқазақ, Қарасай және Талғар аудандарындағы 66 мың гектардан астам егістікке су жеткізіледі. Дегенмен шаруалар үшін су тапшылығы әлі де өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Сондықтан мамандар суды тиімді пайдалану, ысырапты азайту және егін өнімділігін арттыру үшін заманауи технологияларды енгізуге басымдық беруде. Соның бірі – суды үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңбырлатып суару жүйелері.
УӘЛИХАН САЙЛАУОВ
КӘСІПКЕР
Бұның енді шаруа қожалықтарына берер пайдасы бұл жерде су үнемділігі және бір сәтте өте үлкен аумақты суғарып және өнімділігін арттыру. Яғни, жаңбырлатып суару машинасы айналмалы түрде жүреді. Бір машинканың ұзындығы 400 метр болса, ол 50 гектар жерді қамтамасыз ете алады суғарып. Барлығы электронды жүйемен басқарылады. Телефон арқылы да, электронды түрде басқаруға болады
Жақында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Алматы облысына жұмыс сапарымен келіп, Күрті және Бартоғай су қоймаларындағы реконструкция жобаларының барысын көрді. Сапар барысында Дінмұхамед Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстары да таныстырылды. Бүгінде бетонмен қапталған учаскелердің арқасында су шығыны азайып, 33 мың гектардан астам суармалы жердің сумен қамтылуы жақсарған. Алдағы уақытта каналдың тағы 110 шақырымы жаңғыртылады.