Алма импортына уақытша шектеу

Елімізде алма импортына уақытша шектеу енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл отандық өндірушілерді қолдап, жергілікті өнімнің нарықтағы үлесін арттыруға бағытталған шара.

Алматы облысы – еліміздегі алма өсіретін ірі өңір. Өңірде  8 мың гектардан астам алма бағы бар. Былтыр шаруашылықтар 60 мың тоннаға жуық өнім жинады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше шектеу енгізілген жағдайда, шаруалар өнімін тиімді бағамен өткізуге мүмкіндік алады.


Еңбекшіқазақ ауданындағы бұл шаруашылық он жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын алма өсіру мен өнімді өткізудің толық циклін қалыптастырды. Жиналған өнімнің 90 пайызы ішкі нарыққа, қалған бөлігі экспортқа шығарылады.


НҰРЛАН РАҚЫМБАЙ
ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
“Біздің өнім тек жоғары сапалы санатқа жатады. Соған ұмтыламыз. Әлемде алма - ең қолжетімді жемістердің бірі саналады. Сондықтан оған сұраныс бар”

Шаруашылықта 20 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал жазда жұмысшылар саны үш есеге ұлғаяды. Бағбандардың айтуынша, импортқа уақытша шектеу енгізілсе, отандық өнімді көбірек өткізуге мүмкіндік туады.

НҰРЛАН РАҚЫМБАЙ
ШАРУАШЫЛЫҚТЫҢ КОММЕРЦИЯЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ
“Баға жағынан қарасақ, импорттық алма кей жағдайда жергілікті өнімнен де қымбатқа түседі. Себебі импорт бірнеше делдал арқылы өтуі мүмкін. Оған логистика, кедендік рәсімдер сияқты шығындар қосылады. Біз қазір сапалы алма өсіруді үйрендік, өніміміз шетелдік жемістен кем емес”

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше былтыр отандық шаруашылықтар 215 мың тонна алма жинады. Бұл ішкі нарық қажеттілігін өтеуге жеткілікті. Қазіргі уақытта импортты шектеу жөнінвдегі бұйрық жобасы қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі шешім қабылдайды. Құжат бекітілген жағдайда, алма импортына тыйым 1 тамыздан бастап енгізіліп, жыл соңына дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз: