Балықшылар күні

Еңбекшіқазақ ауданы,  Көлді ауылында балықшылар күні аталып өтті. Кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында өңір балықшылары мен балық өсірушілердің еңбегі еленіп, марапатталды. Дәстүрлі жиын биыл белгілі балықшы Төлеген Әлімбетовтің 100 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді.Толығырақ тілшіміз тарқатсын.


Төлеген Әлімбетов үшін балық аулау нағыз  кәсіп болды. Арал өңірінен шыққан даңқты балықшы, Социалистік Еңбек Ері 1976 жылы алғашқылардың бірі болып Қапшағай су қоймасы маңындағы Шелек аймағына көшіп келеді. Сол сәттен бастап өмірінің соңына дейін Алматы облысында балық шаруашылығын дамыту жолында аянбай еңбек етті. Қазір отбасылық кәсіпті ұрпағы жалғастыруда. 

ЖАДЫРАСЫН ӘЛІМБЕТОВ 
КӘСІПКЕР
«Сол әкеміздің қасында жүрдік, үйрендік. Бұл енді ата-бабадан қалған жол, мұра. Менің мамандығым құрылысшы-инженермін, бірақ 2000 жылдан бастап осы салаға бет бұрып, осы салада істеп жатырмын. Қарамағымда 10 балықшы бар. Жылда бізге бекітіліп берген лимитті аулап, жоспарды орындаймыз. Жылда маған берілетін лимит 60-70 тонна»  

Жалпы Алматы облысында су айдындары мен өзен-көлдерінде   82 балық шаруашылығы аймағы бар. 60 учаске  балық шаруашылығы субъектілеріне бекітілген. Биыл су айдындарына  800 000 нан астам балық шабақтарымен балықтандыру жұмысы жүргізілмек.

ҚАНАТ НҮСІПБАЕВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Алматы облысында балық шаруашылығы өте қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі. Мысалы былтыр балық өсушілердің саны 43 кәсіпорын болатын болса, биыл 53 ке жетті. Облыс бойынша 5800 тонна балық өсірілді. Биыл жарты жылдықтың өзінде 1400 тонна балық экспортқа шықты. Бұл еуропаға және көршілес мемлекеттерге экспортталды.»

Соңғы 5 жылда өңірде жасанды балық өсірумен айналысатын шаруашылықтар саны 20 есеге көбейді. Мәселен қазір облыста 40 тан астам жасанды балық өсіретін шаруашылықтар бар. Қазір акваөсіру саласын дамытуға арналған арнайы субсидиялар қарастырылуда дейді мамандар.

РИНАТ КУМАШЕВ 
БАЛҚАШ-АЛАКӨЛ ОБЛЫСАРАЛЫҚ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАССЕЙНДІК ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«2025 жылдың қортындысы бойынша 5000 нан астам жасанды балық өсіріліп нарыққа шығарылған. Ағымдағы жылы екі жаңа инвестициялық жоба қосылды.  Ағымдағы жылы облыс әкімдігінен 500 млн теңге субсидия бөлінген. Сонымен қатар инвестициялық салымдарға бөлінетін бөлек субсидиялар бар. Ағымдағы жылы инвестициялық салымдарға 300 млн субсидия бөлінген»

Өңірдегі балық кәсібін дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен «Балықшылар мектебі» жобасы аясында 300 ден астам адам шаруашылықтың қыр-сырын меңгерді. Іс-шарада 30 ға жуық балықшыға облыс әкімінің алғыс хаты мен арнайы төсбелгілер табысталды.

Сондай-ақ оқыңыз: