Ел дамуының айнасы
Бүгін - Астана күні. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның даму жолын, елдің жаңаруын айшықтайтын мереке. Аз ғана уақыт ішінде Арқа төсінде бой көтерген бас қала бүгінде сәулетіне дәулеті сай, қарқынды дамып, халықаралық беделімен танылған мегаполиске айналды. Астана – тәуелсіздіктің ең ірі жобаларының бірі. Бүгінде бас қала еліміздің саяси, экономикалық, мәдени және іскерлік орталығы ретінде тұрақты дамып келеді.
Соңғы жылдары елордада ауқымды құрылыс жұмыстары қарқын алды. Жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, қала аумағы кеңейіп келеді. Сонымен қатар халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік инфрақұрылым жүйелі дамуда. Заманауи мектептер мен балабақшалар салынып, білім беру орындарының саны артып келеді. Денсаулық сақтау саласында да жаңа емханалар мен көпбейінді ауруханалар пайдалануға беріліп, тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы жақсаруда. Қоғамдық кеңістіктер, саябақтар, спорт кешендері мен мәдениет ошақтарының көбеюі елорданың тұрғындарға жайлы қала ретінде қалыптасуына жол ашып отыр.
Елорданың сәулеттік келбеті де ерекше. Бәйтерек монументі, Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр» ойын-сауық орталығы, «Нұр Әлем» павильоны, Бас мешіт және өзге де сәулет туындылары ұлттық нақыш пен заманауи архитектураны үйлестірген бірегей нысандарға айналды.Қала көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында да маңызды жобаларды жүзеге асырды. Соның бірі – жеңіл рельсті көлік жүйесі. Жоба елордадағы қоғамдық көлік қатынасын жаңа деңгейге көтеріп, жол жүктемесін азайтуға және тұрғындардың қатынауын жеңілдетеді.
Астана бүгінде халықаралық деңгейдегі маңызды саяси және экономикалық кездесулердің алаңына айналды. Экономикалық саммит, халықаралық форумдар, инвестициялық жиындар мен мәдени-спорттық іс-шаралар бас қаланың әлемдік аренадағы беделін арттыра түсуде.Астана күні – елорданың жетістіктерін дәріптеп, ел бірлігі мен жарқын болашаққа деген сенімнің символына айналған мереке. Арқа төрінде бой көтерген айбынды шаһардың өсіп-өркендеуі – Тәуелсіз Қазақстанның тұрақты дамуы мен жасампаздық жолының жарқын көрінісі.