Үздіктер анықталды
Соңғы жылдары отандық кино саласы дамып, түрлі жанрдағы тың туындылар көрермен назарына ұсынылуда. Бұл көпшілік көңілінен шығатын картина түсірушілер арасындағы бәсекелестік туындатқаны анық. Әсіресе «Сыншылар таңдауы – 2026» ұлттық кинопремиясының жүлдесіне қатысушылардың саны артқан. Биыл Қазақстан киносыншылары қауымдастығы ұйымдастырған байқауда кімдер үздік деп танылды? Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
«Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік актерлік рөл» және өзге де 14 аталым бойынша отандық кино үздіктері анықталды. Байқауда соңғы бір жыл ішінде жарық көрген, жанры мен көркемдік шешімі әртүрлі 10-нан астам кинотуынды бақ сынады. Оларды кәсіби киносыншылар саралап, үздіктерді анықтады.
ГҮЛНӘР ӘБІКЕЕВА
КИНОСЫНШЫ
«Біздің сыйлықтың басты мақсаты – қазақстандық киноның барлығын көрсету. Өйткені көрермен көбіне прокатқа шыққан фильмдерді ғана көреді. Өкінішке қарай, үздік туындылар солардың тасасында қалып қояды. Прокатқа шамамен 10–12 фильм ғана шығады. Жыл сайын көптеген отандық фильмдер түрлі фестивальдерге қатысып, жоғары бағаланады. Біз сондай авторлық және фестивальдік картиналарды назардан тыс қалдырмай, оларды да марапаттауға тырысамыз.»
Белгілі актер, «Әбіл» драмасында басты рөлді сомдаған Ерлан Төлеутайдың пікірінше, мұндай байқаулардың маңызы зор. Себебі көрермен режиссердің көркемдік идеясын, оператордың шеберлігін түсіне бермейді. «Сондықтан кәсіби қазылар алқасының таңдауы түсірілім тобының шығармашылық еңбегін бағалаумен бірге, оның маңызы мен мазмұнын көрсетеді» – дейді маман.
ЕРЛАН ТӨЛЕУТАЙ
АКТЕР, ӨНЕРТАНУШЫ
«Кино өсу үшін сын керек. Және ол кәсіби сын болуы керек. Қоғамға мынау мықты фильм, мынау нашар фильм екенін таныту керек. Нашар болса, несімен нашар, мықты болса, несімен мықты екенін талдап беру керек. Кейде адамдар кино туралы жазып, жұртшылықты таластырады. Жұртшылық соның пікіріне ұйып қалады.»
«Сыншылар таңдауы» сыйлығының қорытындысы бойынша бірнеше марапат «Ауру» фильміне бұйырды. Фильмдегі рөлі үшін Аида Құрманғали жеңімпаз атанса, шығармашылық құрам «Үздік актерлік ансамбль» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларында да марапатқа ие болды. Ал «Үздік ер адам рөлін» аталымын «Әбіл» фильміндегі басты кейіпкерді сомдаған актер Ерлан Төлеутай жеңіп алды.