Судағы қауіпсіздік
Қапшағайда шомылу маусымы басталғалы бері бес адам суға батып, ажал құшты.Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлар алкогольді сусын ішіп, дауылды күні ескертуді елемей және түнгі уақытта суға түсу салдарынан жиі болады. Алаңдатарлық ахуалға байланысты қала басшылығы демалыс аймақтарын аралап, мамандармен жұмыс кеңесін өткізді.
Жазғы туристік маусым қызған шақта Қонаев қаласы әкімдігі құрған арнайы жұмыс тобы демалыс орындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексерді. Бүгінге дейін 140 демалыс орнының 40-ы зерделеніп, оның 15-інде өрескел кемшіліктер анықталған. Құтқарушылардың жоқтығы, қауіпсіздік белгілері мен бейнебақылау камераларының жеткіліксіздігі, санитарлық талаптардың сақталмауы негізгі заңбұзушылықтардың қатарында. Анықталған кемшіліктерге қатысты іс табиғат қорғау прокуратурасына жолданды.
ЖЕҢІС ТӨРЕБЕКОВ
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
«Бүгінгі күні біз Шеңгелді аумағында орналасқан “ Алматы” демалыс аймағы және “Солтүстік жағалау” демалыс аймағындағы демалыс орындарын аралап жатырмыз, өйткені бұл жақта қауіпсіздік сақтау ережелерді сақтау кейбір жерлерде дұрыс жолға қойылмаған, қауіпсіздік сақтауда. Сонымен бірге, белгіленбеген жерге суға түсу қауіпі өте жоғары. Алдағы екі күнде сонымен бірге Қонаев қаласының жағалауындағы басқа демалыс орындары осындай мониторингтің тарапынан аралайтын болады»
Бұл мәселеге байланысты қала әкімінің төрағалығымен арнайы жұмыс кеңесі өтті. Жиында демалыс аймақтарындағы қауіпсіздік мәселесі жан-жақты қаралып, жауапты және құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді. Әсіресе, жағажайлар мен су айдындарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын күшейту, бақылауды арттыру және профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізу міндеті қойылды. Шомылу маусымы дәл қазір ең қызған кезеңіне аяқ басты. Сондықтан мамандар демалушыларды өз өміріне бейжай қарамай, ережелерді қатаң сақтауға шақырады.
ДИДАР АСҚАРБЕКҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ТЖД АҒА ОФИЦЕРІ
« Біздің қызметкерлер қазіргі күнделікті, түнде де, күнде де қызмет атқаруда, түнгі уақытта түнгі рейдтер жасап жатырмыз. Бізде сіздер білетіндей, түнгі уақытта су айдынына кіруге мүлдем тиым салынған, яғни суға шомылуға болмайды. Сол себепті біздің қызметкерлер күнделікті рейдтік шаралар жүргізуде. Бұл жақта Қазақстан Республикасы әкімшілік кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды, және де әкімшілік айыппұлдар салынуда»
Қонаевқа ағылған туристердің қарасы қалың. Алайда демалыс маусымының қызығы қауіпсіздік ережелері сақталғанда ғана мәнді. Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке ұласуы әбден мүмкін. Сондықтан қауіпсіздікке деген жауапкершілікті күшейту ғана қайғылы жағдайлардың өсуіне тосқауыл бола алады.