Инвестициялық жоба қаралды
Қапшағай су қоймасының жағалауында заманауи туристік кешен салынуы мүмкін. Жобаның инвестициялық құны – 12 миллиард теңге. Ол іске асқан жағдайда 150 тұрақты жұмыс орны ашылады. Кешен құрамына 4 жұлдызды қонақүй, демалыс үйлері, мейрамхана мен спорттық аймақтар кіреді. Басты мақсат – ішкі туризмді дамытып, Қапшағай жағалауында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи демалыс орнын қалыптастыру. Алайда жобаны жүзеге асыруға , су қорғау аймаҒына қатысты талаптар әсер етіп отыр. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай аумақтарда күрделі құрылыс жүргізуге шектеу бар. Сондықтан қажетті келісім мен инженерлік инфрақұрылым мәселесі әлі де талқыланады.
ЕРЛАН ӘШІРБЕК
«ORBIS CONSTRUCTION» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазір жер телімінің шамамен 80 пайызы су қорғау белдеуінің аумағында орналасқан. Осы мәселеге байланысты Алматы облысы мен Қонаев қаласының әкімдіктерімен бірнеше рет жұмыс кездесулері өтті. Облыс әкімдігінің қолдауымен су қорғау белдеуінде нысандарды арнайы қадалы іргетас технологиясы арқылы орналастыру мүмкіндігі қарастырылды. Осы бағытта эскиздік жоба қайта әзірленіп, сәулет басқармасымен және Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясымен ақылдасамыз. Барлығын заң талабына сай жасауымыз керек.