Маңызды мамандық иелері
Қонаев қаласында ветеринария қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен жануарлар саулығы үшін еңбек етіп жүрген мамандар марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. Басқосуда облыста ветеринария саласында атқарылған жұмыс нәтижесі айтылып, алдағы жоспарлар бағдарланды.
Бүгінде Алматы облысының ветеринария саласында 1386 маман еңбек етеді. Соңғы үш жылда өңірде 21 ветеринариялық пункт пен 19 мал қорымы пайдалануға берілген. Ал биыл мереке күні қарсаңында Еңбекшіқазақ ауданында бірден жеті жаңа ветеринариялық пункт ел игілігіне берілді. Алдағы екі жылда облыста тағы 94 ветеринариялық пункт пен 52 мал қорымын салу жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 4 миллиард 100 миллион теңге бөлінген.
БАУЫРЖАН ДӘРІБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
« Біз кеше ғана осы облыстық әкім орынбасарының қатысуымен алғашқы ветеринария пунктінің есігін аштық, лентасын қидық. Осындай жұмыстар жүргізілуде, келесі жылда тағы 47 пунктпен 26 мал қорымының құрылыс жоспарланған. Оның сыртында енді облыс әкімінің қолдауымен біз осы ветеринария қызметкерлеріне 84 автокөлік тараттық. Осы алдыңғы жылдың аяғында біз жаңа автокөліктермен қамтамасыз еттік, бұл да бір шешімін таппай жүрген мәселе болатын. Бұған да мамандар қуанып, үлкен ризашылықтарын білдіруде»
Ветеринария саласының дамуына үлес қосқан мамандарға «Еңбек ардагері» медалі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ кәсіподақ ұйымының «Еңбек ардагері» және «Еңбек үздігі» төсбелгілері де өз иелерін тапты. Марапат иелерінің қатарында ветеринария саласына ұзақ жыл еңбек сіңірген ардагерлер де бар. Солардың бірі – бұл салаға 41 жылын арнаған қарасайлық мал дәрігері. Оның айтуынша, бүгінде ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық мүмкіндігі айтарлықтай жақсарған. Заманауи ветеринариялық пункттер салынып, мамандар жаңа құрал-жабдықтармен және қызметтік автокөліктермен қамтамасыз етіліп келеді.
САМҰРАТ СҮНДЕТБАЕВ
ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
« Біз кеңес одағы кезінде бастадық жұмысты. Ол кездегі құрал-жабдықтардың бәрі многоразовый, яғни инелерімізді қайнатып жатып, уақытты көп алатын, оны сушить ету керек, офисті қолмен отырып жазатынбыз. Қазір заманауи технологияның дамуына байланысты компьютер білетін жас мамандар оны бес минутта жасап шығарады. Бәрі одноразовый, автокөлікпен қамтамасыз етіліп жатыр. Жақсы-жақсы ветеринариялық пункттер, модульдер салынып жатыр, мал қорымдары салынып жатыр. Бәрі жұмыс сапасына сәйкес келеді»
Мал арасында жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу – ветеринария саласының негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта жыл басынан бері облыста жануарлар мен құстардың аса қауіпті 12 түрлі ауруына қарсы 8 миллион 641 мыңнан астам екпе мен тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде сібір жарасы, аусыл, қой шешегі, пастереллез және қарасан ауруларына қарсы миллиондаған малға вакцина салынды. Қазір облыста мал арасында жұқпалы аурулардың таралу жағдайы тұрақты бақылауда.
БАУЫРЖАН ДӘРІБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
« Жалпы ветеринария саласы енді мынау жалпы елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үлкен жұмыстар атқарып келе жатыр деп айтсақ артық болмайды. Биылғы жылы мынау эпизоотияға қарсы іс-шараларды жүргізу мақсатында үкімет 5 миллиард теңге қаражат бөлініп, 12 түрлі жұқпалы аурға қарсы егу жұмыстары жүргізілуде»
Жыл басынан ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жүйесінде жүздеген мың төл тіркеліп, бүгінде облыс бойынша 4 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары дерекқорға енгізілген. Ветеринария – тек мал дәрігерлерінің ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне жауапты сала. Сондықтан бұл бағыттағы жүйелі жұмыс азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі мал шаруашылығының тұрақты дамуына да негіз болады.