Мәдени мұра

Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық және белгілі режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойлары. Нар тұлғалы алыптардың бәрі де ақындар мен батырлар елі - Жамбыл ауданында дүниеге келген. Бүгін мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев ауданға арнайы келіп, Қарақыстақ ауылының тыныс тіршілігімен танысты. Толығырақ сапарда болып қайтқан тілшіміз тарқатсын.


Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалды музейінде болды. Ақынның артында қалған бай мұрасымен танысты. Жастармен кездесіп, киелі өлкеде өмірге келген алыптар еңбегінің ел тарихындағы маңызына  тоқталды. Ел мәдениеті мен әдебиенің өркендеуіне үлес қосқан нар тұлғаларды көпке үлгі етті. Жастар өз сұрақтары мен ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. 


МӘЛІК ОТАРБАЕВ
ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КЕҢЕСШІСІ
«Танымал тұлға, бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріне аты мәлім, ЮНЕСКО күнтізбесіне енген Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы бүгінгі кездесуімізге арқау болып отыр. Біз Абдолла Қарсақбаевтың туған жерінде, өз ауылында еске алып отырмыз. Мұнда да үлкен символикалық мән бар.»

Биыл Қарақыстақ ауылының тумасы, қазақ кино өнерінің классигі Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл. Қазақ киносында өзіндік ғажап қолтаңбасын қалдырған режиссердің "Балалық шаққа саяхат", «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс»,  «Даладағы қуғын», «Біздің Ғани», фильмдері әлі күнге дейін ел жадында сақтаулы. Қазақ киносының алтын қорына қосылған бірегей фильмдерді аудандық кітапхана мамандары көшпелі керуенмен ауылға жеткізген. Жобаның мақсаты  ұлт мұрасын ауыл  жастарына кеңінен дәріптеу. 

АЯУЖАН САДУАҚАСОВА
ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ 
«Менің атым Қожа фильмін ашық аспан астында шалғай ауыл-аймақтағы балалар мен жасөспірімдерге ұсынуды қолға алып отырмыз. Экспозициямызға назар аударсаңыздар, Қожаның бір күндік өмірі экспозициялық кешен ретінде қойылған. Қожаның отырған партасы, портфелі, апайын қорқытқан бақасына дейін бар. Балалар ерекше қызығушылық танытуда.»

Қарақыстақ ауылы – қазақ руханиятының тамырын тереңге жайған, талай дара тұлғаны түлеткен қасиетті мекен. Бұл киелі топырақта қазақ әдебиеті мен журналистикасының көрнекті өкілдері – Оспанхан Әубәкіров, Сейдахмет Бердіқұлов және Мұхаметжан Етекбаевтар дүниеге келді.  Бүгінде ауылда 5 мыңнан астам тұрғын бар. Еңбекпен өркендеген ауылда ұлттық құндылықтар мен ата кәсіп сабақтастығы сақталып, ауылдың тыныс-тіршілігі жылдан-жылға жаңарып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз: