Қылқаламмен өрілген ғұмыр

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, суретші  Нұрболат Ысқақтың шығармашылығы туған жердің тұмса табиғаты мен ұлттық рухын айшықтауға арналған. Ол өз туындылары арқылы ел тарихын мен  туған өлкенің қайталанбас сұлулығын шынайы бейнелейді. Қылқалам иесінің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында әріптесім Аяла Ұланқызы суретшімен жүздесіп, шығармашылық жолы мен өнерге деген көзқарасы туралы әңгімелесті.


Нарынқол ауылында дүниеге келген суретші туған өлкесінің табиғатын шығармашылығының басты тақырыбына айналдырды. Хантәңірінің баурайындағы көркем табиғат, жайлау мен тау көріністері оның көптеген туындыларына арқау болды. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бейнелеу өнеріне адал қызмет етіп келе жатқан қылқалам шеберінің еңбектері бүгінде еліміздің мәдени қорына айналған.


НҰРБОЛАТ ЫСҚАҚ
СУРЕТШІ
«Сурет өнеріне деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Мектепте сурет сабағына ерекше ынтам болды. Мектепті аяқтаған соң осы өнер жолын жалғастырып, Алматыдағы көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Сол жерде көптеген белгілі суретшілердің туындыларын көріп, үлкен тәжірибе жинадым. Сол кезден бастап өзім де туған жерімнің табиғатын бейнелейтін суретші болуды мақсат етіп, осы өнерге өмірімді арнадым»

Нұрболат Сәйдінұлы алғашқы кәсіби білімін Алматы қаласындағы Н.В. Гоголь атындағы көркемсурет училищесінде алып, кейін Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында білімін жалғастырды. Оның шығармалары туған жерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеуімен ерекшеленеді.

НҰРБОЛАТ ЫСҚАҚ
СУРЕТШІ
«Менің шығармашылығымның негізгі тақырыбы – Хантәңірі. Ол мен үшін жай ғана тау емес, таусылмас шабыттың қайнар көзі. Қай жағынан қарасаңыз да, қай мезгілде салсаңыз да оның көрінісі өзгеше болады. Сондықтан Хантәңірін әр жолы жаңаша бейнелеуге тырысамын. Биыл 5 тамыз күні Әбілхан Қастеев атындағы музейдің Орталық көрме залында жеке көрмем ашылады. Онда туған жерімнің табиғаты мен Хантәңірі тақырыбындағы туындыларымды көрермен назарына ұсынамын»

«70 жыл – қылқаламмен өрілген ғұмыр» атты көрме суретшінің ондаған жылдық шығармашылық еңбегін көпшілікке таныстырып, өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйламақ. Көрмеде автордың әр кезеңде салған таңдаулы туындылары ұсынылады. Мерейтойлық көрме – ұлттық бейнелеу өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан суретшінің шығармашылық жолына берілген лайықты құрмет.

Сондай-ақ оқыңыз: