Қонаевта Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ММА турнирі өтті
Қонаев қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевты еске алуға арналған ММА-дан республикалық турнир өтті. Додаға еліміздің үш өңірінен 14 команда, 200-ден астам жас спортшы жиналды. Алматы, Жамбыл және Жетісу облыстарының өрендері осылайша өзара мықтыны анықтады.
Турнир «Спорт - есірткіге, терроризмге және лудоманияға қарсы» деген ұранмен ұйымдастырылды. ММА соққы мен күрес әдістерін қатар ұштастыратын күрделі спорт түрі. Мұнда тез шешім қабылдап, қарсыластың әрбір қимылын алдын ала сезу маңызды. 10 мен 18 жас аралығындағы жас спортшылар жекпе-жекте күш сынасты.
ТАЛҒАТ ИБРАГИМОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ММА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Мына спорт түрі ол жаңадан енгізілген, аккредитациясын енді алып жатырмыз. Жақын арада біз Алматы облысының чемпионатын өткіземіз, команданы іріктеу үшін. Өйткені жылдың аяғында осы спорт түрінен бізде Қазақстан Республикасының чемпионаты өтеді. Бұл спорт түрі Азия ойындарына кіріп тұр, қыркүйек айында біз Японияға ұшамыз...»
Жарыста көзге түскендердің бірі - Қонаев қаласының спортшысы, ММА мен панкратионнан спорт шебері Әмір Серік. 10 жылға жуық уақытын осы спортқа арнаған жас өрен үшін бұл дода, алдағы халықаралық жарыс алдындағы дайындық.
ӘМІР СЕРІК
ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ
"Мен бұл спортпен бала кезден айналысып келемін, Индонезия мен Грекиядағы әлем чемпионаттарында екі рет финалға шықтым. Азия ойындарында қола жүлде алып, екі рет Азия чемпионатының жүлдегері атандым. Басты мақсатым Әлем чемпионы атану".
Жарыста Талғардың «Жауғашар», Алатау қаласының «Қаһарман» және «Колизей-Қонаев» клубтарының спортшылары жақсы нәтиже көрсетті. Ал жалпы есепте ең көп жүлдені жарыс қожайындары, Алматы облысының құрамасы еншіледі.