Мықтылар мен мақсаткер спортшылар Алматы облысы бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы ең үздік дзюдошылар анықталды.
Облыстық біріншілік Еңбекшіқазақ ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өтті. Жарысқа Алматы облысының әр ауданынан және Қонаев қаласынан 23 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысты.
Сайыс әртүрлі салмақ дәрежелері бойынша ұйымдастырылып, қатысушылар арасында тартысты белдесулер өтті. Әр жекпе-жек — спортшының күшін, шеберлігін және мінезін сынаған үлкен сынаққа айналды.
Ерлер 7 салмақ дәрежесінде (60 кг-нан бастап 100 кг-нан жоғарыға дейін), ал әйелдер де 7 салмақта (48 кг-нан бастап 78 кг-нан жоғарыға дейін) бақ сынады.
Жарыстың басты мақсаты – осы жылдың қыркүйек айының соңында Алматы облысындағы спорт кешендерінің бірінде өтетін ересектер арасындағы дзюдодан Қазақстан чемпионатына қатысатын облыстық құраманы жасақтау.
– Дзюдо – бұл жай ғана спорт емес, бұл – құрмет пен тәртіпке негізделген тұтас философия. Алматы облысы мықты әрі мақсаткер спортшыларды тәрбиелеп отырғанына мақтанамыз. Бұл чемпионатта ерлер де, әйелдер де жоғары деңгей көрсетті. Бұл – әр өңірдегі бапкерлердің алдағы республикалық жарысқа тыңғылықты дайындық жүргізгенін білдіреді. Командалық есеп тұрғысынан алғанда, Қонаев қаласы, Іле, Талғар және Қарасай аудандары дзюдоның дамуы жолындағы әлеуетін тағы бір дәлелдеді, – деп атап өтті Алматы облысының ересектер арасындағы бас жаттықтырушысы Рихман Найманханов.
Жарысқа қатысушылардың көпшілігі – тәжірибелі спортшылар.
Мәселен, Дарын Аймұхамбетов – халықаралық деңгейдегі түрлі турнирлерде өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген спортшылардың бірі. Ол – жастар арасында джиу-джитсудан комбат түрі бойынша әлем чемпионы, дзюдо спортында да соңғы бес жылдан бері нәтижелі өнер көрсетіп келеді. Азия кубогы мен Еуропа кубогының қатысушысы бұл жолы да облыстық біріншілікте финалды сенімді түрде жеңіп, 90 кг салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленді.
– Финалда жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қарсыластар өте лайықты болды. Әр жекпе-жек оңайға соққан жоқ. Бірақ дәл осындай тартыстар жарыстың құндылығын арттырады. Нағыз жеңімпаз – өзін жеңе білген адам. Бұл облыстық жарыс мен үшін алдағы үлкен додаларға дайындықтың маңызды сатысы болды. Маған әрқашан тәртіп көмектеседі. Егер тәртіп болмағанда, мұндай нәтижелерге қол жеткізе алмас едім, – деп бөлісті Дарын Аймұхамбетов.
Дарынмен бірге өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанған ерлер:
• Қонаев қаласы – Дүмсенбай Әли, Серіков Жалғас
• Іле ауданы – Сұмағұл Тыныштықбай, Апак Шамсидин
• Қарасай ауданы – Әдібай Орис
• Еңбекшіқазақ ауданы – Аладинов Ильяс
Әйелдер арасында жеңімпаз болған спортшылар:
• Талғар ауданы – Иманқұлова Айша, Әлімжан Аяжан
• Қарасай ауданы – Мақсұтова Саяра
• Қонаев қаласы – Дүйсенбай Арай
• Іле ауданы – Қалмен Маржан
• Кеген ауданы – Мақсатқызы Шұғыла